МУЛЬТИМЕДИАЛЫҚ ЖУРНАЛИСТИКА
МАГИСТРАТУРА
БАЙЛАНЫСУ
Деңгей
Мультимедиалық журналистика магистрі
Ұзақтығы
1 жыл
ECTS
60
Вебинар
Ең алдымен, біздің бағдарлама заманауи технологияларды жетік меңгерген, мультимедиалы жобаларды ұйымдастырып, басқара алатын магистрлерді дайындайды. Бір семестр ішінде сіз сторителлинг, контент стратегия, креативті жазу, мультимедиалы контент жасау және оның менеджменті сынды дағдыларды үйреніп шығасыз. Ал практикалық тәжірибе арқылы сіздің кәсіби машығыңыз одан ары арта түседі.
- Қазақ журналистика тарихы
- Заманауи журналистиканың жанрлық формалары мен қызметтері
- Негізгі және қосалқы дереккөздерден алынған суреттер мен ақпаратты жүйелі түрде әрі шығармашылық талғаммен жинап, өңдеп, ақпараттық және визуалды тұрғыда байытып, толыққанды жаңа контент ретінде жариялай алады;
- Эссе, презентация және мультимедиалы жобаға қажетті терең ізденіс пен зерттеулер жүргізе алады;
- Түрлі формадағы ақпаратты маркетинг тұрғысынан тартымды әрі тиімді жеткізе алатын кәсіби жазу машығына ие болады;
- Көпшілік алдында түрлі тақырыптар бойынша эффективті ауызша презентациялар жасай алады;
- Ішкі және сыртқы аудиторияға тиімді іскери және кәсіби мультимедиалы өнім ұсына алады;
- Мультимедиялық жоба өндіруде топпен бірлесіп жұмыс істей алады
Бұл бағдарламаның түлегі ретінде журналистиканың кез келген саласында жұмысқа орналаса аласыз. Бірақ таңдау мүмкіндігі бұнымен ғана шектелмейді. Сонымен қатар, ірі және орта бизнестің PR, SMM, менеджмент салаларында немесе тиімді байланыс құра білуді және конвергентті медиа өндіре алуды талап ететін кез келген алаңда жұмыс істей аласыз. Біз курс барысында магистранттарға жұмысқа орналасу, мансаптық өсуге қатысты кеңестер беруге дайынбыз.
Біздің көп магистрантымыз күндізгі уақытта жұмыс істейді, сондықтан біз сабақты сізге ыңғайлы кешкі уақытқа немесе онлайн форматта ұйымдастыра аламыз.
Біздің бағдарлама теориялық қана емес, журналистика кәсібіне қажет, практикада қолданылатын қабілет-дағдыны үйретеді. Компания мен клиенттің, редакция мен аудиторияның арасындағы байланыстың жақсы әрі сенімді болуы аса маңызды. Әсіресе, онлайн платформада бұны жүзеге асыру өзекті мәселеге айналды. Біздің бағдарлама осы қажеттіліктерді сапалы әрі кәсіби тұрғыда жүзеге асыруға қажетті дағды мен білімді ұсынады. Сіз осы дағдыларды үйрене отырып, өзіңіздің кәсіби саладағы біліктілігіңізді ұштайсыз әрі жаңа белестерді бағындыра аласыз.
- Өзін тұрақты түрде жетілдіріп отыратын, жеке ерекшеліктері мен қабілеттерін тиімді пайдалана алатын, мультимедиалық дағдыларды бойына сіңірген заманауи маман дайындау;
- Мультимедиалық журналистика саласына қатысты мәселелерге, болып жатқан өзгерістер мен үрдістерге сыни әрі кәсіби көзқарас қалыптасытру;
- Онлайн платформада сапалы контент өндіре алатын, мультимедиалық соны технологияларды жақсы меңгерген магистрлер дайындау;
- Ақпаратты түрлі формада, атап айтсақ, аудио, видео, графика, мәтін түрінде өндіріп, оларды өзара үйлестіре алатын түлектерді шығару;
- Кәсіби тұрғыда өзара сабақтасқан, бір-бірін жетілдіруге ықпал ететін түлектер қауымын қалыптастыру.
Dr Әсел Қамза
«Болашақ» халықаралық стипендиясының екі дүркін иегері. 2011 жылы Англияның Newcastle университетінің магистратурасын Халықаралық мультимедиалық журналистика мамандығы бойынша бітірген. Ал 2021 жылдың наурыз айында Шотландияның Glasgow университетінде үш жылдан астам уақыт бойы жазған докторлық диссертациясын мерзімінен бұрын сәтті қорғап шықты. 1 айдан кейін оған Медиа және мәдени саясат мамандығы бойынша ресми түрде Философия докторы ғылыми атағы берілді. Dr Әсел негізі 1451 жылы қаланған университеттің Мәдени саясатты зерттеу орталығында (Centre for Cultural Policy Research) қызмет еткен. Аты әлемге әйгілі, nationalism ұғымының Ұлыбританияда негізін қалаушылардың бірі Эрнест Геллнерден тәлім алған Филип Слесинджердің шәкірті. Сондай-ақ, ол магистратура студенттеріне Зерттеу әдістері (Research Methods) пәнінен дәріс оқып, Қазақстаннан тұңғыш рет PhD дәрежесін иеленген маман атанады.
Докторлық диссертациясы, «Қазақ киносы және ұлт: сыни талдау» тақырыбы, ұлт құрылысы (nation building) тәсілімдемесі арқылы зерттелген (Kazakh cinema and the nation: a critical analysis – Enlighten: Theses (gla.ac.uk)). Ғылыми еңбекте ол қазақ киносына британ әлеуметтанушы Энтони Смиттің энтосимволизм концепциясы бойынша талдау жасап, қазақ халқының ұлт болып қалыптасуына атажұрттық фильмдердің әсері қаншалықты деген сұраққа жан-жақты жауап беруге ұмтылады.
Диссертацияның жаңалығы – бұл отандық Еуразия Халықаралық кинофестивалін академиялық тұрғыдан алғаш рет зерттеп, ғылымның фильм фестивальдері (film festival studies) атты жаңа саласына EurIFF ұғымын тұңғыш рет енгізді (бұл турасында ағылшын тілді ғылымда бір де бір диссертацияны айтағанның өзінде, ғылыми орта назар аударарлық мақала да жоқтың қасы). Сонымен қатар, осы саланы зерттеп жүрген әлем зерттеушілеріне қазақ киносын, Қазақстанның халықаралық фестивалін ғылыми еңбегі арқылы танымалдандырды.
Бұған дейін Әсел Қамза «Хабар» арнасында 2006-2010 жж. аралығында «Азамат» жастар бағдарламасының редакторы, кейіннен продюсері, «Біз айтсақ…» ток-шоуының шеф-редакторы, қазақ және орыс тілінде хабар таратқан «Бизнес мекен» таңғы бағдарламасының сценарисі қызметін атқарып, ондаған тікелей эфирлерде жұмыс жасап, практик-журналист ретінде тәжірибесін толықтырды. Оның ішінде 2008-2009 жылдары «Қазақстанда жасалған» атты отандық өндірушілерді қолдау мақсатында ашылған тележобаның сценарист-редакторы әрі жүргізушісі болып жұмыс істеген. 2011-2014 жылдары «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Ішкі протокол және бұқарамен байланыс департаментінде маман деңгейінен бастап, жарнама бөлімінің бастығы позициясына дейін көтеріліп, 160 000-нан астам қызметкері бар ұлттық компанияның PR стратегиясын дамытып, үйлестіруге үлес қосқан.
Сулейман Демирель Университетінде бакалавриат және магистратура шәкірттеріне қазақ және ағылшын тілдерінде Масс коммуникация теориясы, Зерттеу әдістері, Масс коммуникациядағы зерттеу әдістері, Медиа Социология және Бейне композиция пәндерінен сабақ береді. Ұлыбританияда 5 жылға жуық уақыт ішінде жинаған бүкіл өнегесі мен бар тәжірибесін күнделікті дәрісінде пайдалануға тырысады. Студенттеріне сыни ойлауға, сындарлы пікір білдіруге жөн сілтейді. Ғылыми жұмыс жазған кезде, кеңестік кезден келе жатқан дәстүрлі жүйе бойынша, тек ғылыми жетекшінің жөн-жобасын ғана басшылыққа алуды ғана үйретпей, шын мәнінде бүкіл жауапкершілікті өз мойнына алуға, өз бетінше, еркін және тәуелсіз жұмыс істеуге дағдыландырады.
Мақалалары отандық ғылыми журналдарда жарық көрген. Қазіргі таңда толерантты журналистика, автобиографиялық фильмдерге қатысты зерттеу жұмыстарымен айналысады.
Өмірлік ұстанымы – талап, сапа, нәтиже!
Қазақша