Әлемдік IT нарығы: білікті сарапшымен өткен кездесу
13 ақпан күні SDU University білім ордасына «Қазпочта» АҚ Басқарма Төрайымы және Директорлар кеңесінің мүшесі Әсел Жанасова келіп университет оқытушылары және студенттерімен кездесті.
Әсел Жанасова – Кембридж университетінің түлегі, Қазақстанның Сауда және интеграция вице-министрі қызметін атқарған жылдары елімізде Amazon мен Ebay платформалары арқылы сауда жүргізу мүмкіндігіне қол жеткізген.
Құрметті қонаққа кампус-тур жасалып, SDU өмірімен жақынырақ таныстыру жұмыстары жүргізілді. Білікті сарапшы SDU Life ғимаратында дәріс өткізіп, құнды ақпаратпен бөлісті. Дәріс барысында жаһандық IT нарығы және трендтер, жасанды интеллект, инженерлік жүйедегі жаңашылдық мәселелері сөз етілді. Маман қазақстандық нарық қандай бағытта жылжуы керек екендігін нұсқап, маңызды деректерді алға тартты.
Кездесу соңында Әсел Жанасова жылы лебізін білдіріп, ел болашағы – білікті мамандардың қолында екенін атап өтті.