Тарихи тұлғалар жайлы алғашқы комикс оқырманға жол тартты
Жақында Алматы қаласында тарихи тұлғаларға арналған «Керей мен Жәнібек» комиксінің презентациясы өтті. Бұл туындының авторы – SDU University халықаралық құқық мамандығының 4-курс студенті Ілияс Юсупжанов.
Ілияс қаламгерлік қабілетін 18 жастан бастап шыңдай түседі. Өзінің алғашқы психологиялық бағыттағы туындысын жазу арқылы, студентіміз ең жас қаламгер ретінде отандық рекордтар кітабына енген.
«Керей мен Жәнібек» комиксі 80 беттен тұрады, жазушы бұл туындысына жарты жыл уақытын арнаған. Еліміздегі тарихи бағыттағы алғашқы комикс болғандықтан, бұл туындының желісімен алдағы уақытта балаларға арналған мультхикая түсіріледі деп жоспарланып отыр.
Айта кететін бір жайт, жақында Ілияс жазушылар одағына мүшелікке енді және де «Қазақстанның болашағы» медалімен марапатталды. 1 ақпаннан бастап кітапсүйер қауым «Керей мен Жәнібек» комиксін Алматының кез келген дүкен сөресінен таба алады. Сондай-ақ, «100 отандық комикс» жобасының аясында тарихи тұлғалардың өмірінен сыр шертетін туындылар алдағы уақытта өз оқырманына жол тартады.

