СДУ университетінде заманауи кітапхана ашылды
СДУ Университетінде жаңа үлгіде салынған Ғылыми кітапханасының ашылуы салтанатты рәсімі өтті. Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбек пен еліміздің бірқатар ЖОО-ның ректорлары қатысты.
Сондай-ақ СДУ басышылық құрамы, ұстаздар және арнайы шақырылған қонақтар болды. Рәсімге келген қонақтар кітапхананы аралап, СДУ студенттерінің кітапхана қызметіне арналған жаңа технологиясымен танысты.
Атап айтқанда, өз-өзіне қызмет көрсетуге арналған заманауи техниканы ІТ саласында оқитын студенттердің өздері жасап шығарған. Кітапты өз атына жазу, қайтадан өткізу сынды қызметтерді ешқандай менеджердің қызметінсіз іске асыра алатын мүмкіндіктері бар.
SDU ғылыми кітапханасы «Open access» стилінде жасақталып, электронды жүйе арқылы басқарылады. Білім алушы жастар үшін қолайлы жағдайлардың барлығы жасалып, үш қабатты ғимаратта оқу залы, демалыс орындары, конференц-зал, компьютер бөлмесі ашылған. Университет кітапханасының қорында 410 мыңнан астам кітап бар. Оның ішінде қазақ тілінде – 119 113, орыс тілінде – 32 565, ағылшын және басқа тілдерде – 258 638 дана кітап бар.
Айта кетейік, бакалавриат, магистратура және докторантура студенттеріне, сонымен қатар қызметкерлерге қызмет ететін СДУ Ғылыми Кітапханасының негізі Университетпен бірге 1996 жылы құрылған болатын.
2021 жылы кітапхана жүйесінің халықаралық стандарттарға сәйкес АҚШ Конгрессінің классификациясына (LCC) көшті.