Freedom Holding Corp. қолдауымен жүзеге асқан Data Bootcamp бағдарламасы сәтті аяқталды
Freedom Holding Corp. серіктестігімен жүзеге асқан Data Bootcamp бағдарламасы өз мәресіне жетті. Бағдарлама аясында 30 студент, 8 ментор (төртеуі – SDU оқытушылары, төртеуі – Freedom Holding Inc. компаниясының мамандары) және ұйымдастыру тобы бірлесе отырып, деректерді талдаудың негіздерінен бастап, финалдық Хакатонда нақты жобалар ұсынуға дейінгі ауқымды білім беру процесінен өтті.
Data Bootcamp қатысушылары Python тіліндегі деректерді талдау, машиналық оқыту негіздері және аналитиктерге арналған өнімдік ойлау тақырыптарында үш тәжірибелік воркшоптан өтті. Бағдарлама барысында студенттер теориялық білімді нақты тапсырмалар арқылы бекітіп, менторлардың қолдауымен практикалық дағдыларын дамытты.
Бағдарламаның маңызды кезеңдерінің бірі – ашық форматта өткен Data Meetup болды. Бұл іс-шарада индустрия сарапшылары студенттермен кездесіп, деректер ғылымындағы жаңа трендтер мен мансаптық мүмкіндіктер туралы ой бөлісті. Қатысушылар кәсіби кеңес алып, шабыттанып, болашақ жоспарларын нақтылай түсті.
Финалдық кезеңде өткен Хакатонда студенттер командалық және жеке жобаларын қорғады. Ұсынылған жобалар деректерді визуализациялау, аналитикалық шешімдер әзірлеу, машиналық оқыту модельдерін қолдану сияқты түрлі бағыттарды қамтыды. Freedom Holding Corp. компаниясының қолдауы нәтижесінде бағдарлама жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушыларға индустриялық ортада тәжірибе жинауға мүмкіндік туды.
Data Bootcamp аяқталғанымен, оның нәтижелері өз жалғасын табуда – кейбір жобалар әрі қарай дамып жатыр, ал қатысушылар стажировкаларға өтініш беріп, кәсіби бағыттарын белсенді түрде жалғастыруда. SDU University білім мен индустрия арасындағы осындай тиімді әріптестікті алдағы уақытта да жалғастыруға ниетті.


