Институционалдық зерттеулер: білім беру саласындағы жаңа мүмкіндіктер
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде жоғары білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелерге арналған «Жоғары білім беруде деректерге негізделген шешім қабылдау: институционалдық зерттеулердегі қазіргі мәселелер мен болашақ бағыттар» атты III форум өтті. Маңызды шараны QyzPU еліміздің жетекші жоғары оқу орындары — Nazarbayev University, KIMEP University және SDU University-мен бірлесіп ұйымдастырды.
Форумға сарапшылар, зерттеушілер мен білім беру ұйымдарының өкілдері қатысып, білім сапасын арттыру, шешім қабылдауда деректерге сүйену, халықаралық тәжірибені енгізу мәселелерін талқылады. Қатысушыларға аналитикалық жүйелер мен цифрлық құралдарды қолданудың нақты мысалдары ұсынылды.
Шараның ерекшелігі — теориялық мазмұнмен қатар, практикалық оқыту сессияларының өткізілуі. Атап айтқанда, Microsoft мамандары Excel бағдарламасы арқылы деректерді тиімді талдаудың жолдарын үйретті.
SDU University Сапа мониторингі департаментінің директоры Гүлназ Тогузбаева форумның қолданбалы маңызын атап өтті: “Іс-шараның басты мақсаты – жоғары білім беру саласында шешім қабылдау үшін деректерді тиімді пайдалану. Университеттер саналы әрі ұзақмерзімді мақсаттар қоя отырып, нақты деректерге сүйенуі қажет”, – деді маман.
Форум кәсіби пікір алмасудың, білім беру аналитикасындағы өзекті мәселелерді бірлесіп шешудің тиімді алаңына айналды. Шара жоғары білімді деректер негізінде басқаруға бағытталған нақты қадам ретінде бағаланды.
