SDU University-де “Журналист болғым келеді” IV Республикалық эссе байқауы өтті
2–3 мамыр күндері SDU University қабырғасында “Журналист болғым келеді” атты IV Республикалық эссе байқауы өткізілді. Аталмыш байқау жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен келген мектеп оқушыларына журналистика саласына алғашқы қадам жасауға мүмкіндік береді.
Биылғы байқаудың бірінші кезеңіне 346 оқушы тіркеліп, олардың ішінен 153 оқушы екінші кезеңге жолдама алған болатын. Алайда екінші кезеңге 90 оқушы ғана қатысып, эссе жазып, өз білімдерін ортаға салды.
Қазылар алқасына қатысушылардың жұмыстарын бағалау оңайға соқпады. Жазылған эсселердің сапасы мен мазмұны, ой тереңдігі мен тілдік шеберлігі жоғары бағаланды. Қорытынды кезең нәтижесі бойынша, SDU University ұсынған 100% төрт жылдық білім грантының иегері – Талғат Әмина атанды.
Сонымен қатар, II және III орын алған оқушыларға тиісінше 50% және 30%-дық оқу жеңілдіктері берілді. Бұдан бөлек, байқау қатысушылары түрлі номинациялар бойынша марапатталды.
SDU University ұйымдастыратын бұл байқау болашақ журналистердің қарым-қабілетін шыңдауға, шығармашылық әлеуетін ашуға бағытталған маңызды платформаға айналды.
