SDU University бірінші университетаралық киберқауіпсіздік байқауында III орынға ие болды
SDU University-дің дарынды студенттерінен құралған команда Energo University (Алматы энергетика және байланыс университеті) ұйымдастырған, 50 жылдық мерейтой аясында өткен алғашқы университетаралық киберқауіпсіздік байқауында 3-орынға ие болды.
Бұл ұлттық деңгейдегі байқау Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген, ақпараттық және коммуникациялық технологиялар саласында білім алатын студент командаларын біріктірді. Қатысушылар екі кезеңнен тұратын байқау барысында теориялық білімдері мен практикалық дағдыларын киберқауіпсіздік саласында сынады.
SDU University атынан байқауға «Ақпараттық жүйелер» мамандығының 3-курс студенті Құрбанәлі Нұрдәулет, 4-курс студенті Ысқатай Рауан және «Компьютерлік ғылымдар» мамандығының 2-курс студенті Әліхан Қостұбаев қатысты. Команданың ғылыми жетекшісі – аға оқытушы Шахназар-Сұлтан Манбай.
Байқау барысында команда киберқауіпсіздіктің бірнеше негізгі бағыттары бойынша өз шеберліктерін көрсетті. Олар Linux жүйелері, криптография және деректер базасының қауіпсіздігі бойынша күрделі тапсырмаларды орындап, C++, Java және Python тілдерінде бағдарламалау білімдерін тиімді қолдана білді. Сондай-ақ, олар пентестинг және желілік қауіпсіздік салаларындағы дағдыларын көрсетіп, үздік үштікке енді.
Бұл іс-шара студенттерге бірлесе жұмыс істеуге, сыни ойлау мен нақты өмірдегі киберқауіптерді шешуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, командалық жұмыс пен инновацияның цифрлық қауіп-қатерлерге қарсы тұрудағы маңыздылығы атап өтілді.
SDU University Energo University мен ұйымдастырушыларға осындай маңызды әрі жоғары деңгейде ұйымдастырылған шара үшін алғыс білдіреді. Мұндай байқаулар болашақ киберқауіпсіздік мамандарын дайындауда үлкен рөл атқарады.
Біз студенттерімізді тамаша жетістіктерімен құттықтаймыз және олардың болашақ ғылыми әрі кәсіби жарыстарда да SDU атын биікке көтеретініне сенеміз!
