Білім берудегі серіктестік: Қазақстан мен Өзбекстан мамандарының диалогы
18 сәуір күні SDU University қабырғасында «Мектепке дейінгі ұйым мен бастауыш мектептің өзара әрекеттестігі: озық тәжірибелер мен инновациялық тәсілдер» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өткізілді. Іс-шараны «Педагогика және гуманитарлық ғылымдар» факультетінің «Гуманитарлық ғылымдар» кафедрасы ұйымдастырды.
Аталған дөңгелек үстелге Қазақстан мен Өзбекстанның жетекші жоғары оқу орындарының өкілдері, сондай-ақ мектепке дейінгі және бастауыш білім беру саласындағы тәжірибелі сарапшылар мен практик-мамандар қатысты. Қонақтардың қатарында Самарқан мемлекеттік университеті, Ферғана мемлекеттік университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Қазақстан-Америка еркін университеті, Арқалық педагогикалық институты және Алматы мен Жамбыл облыстарынан келген білім беру ұйымдарының басшылары болды.
Іс-шара барысында спикерлер мектепке дейінгі және бастауыш білім берудің өзекті мәселелерін, инновациялық әдістемелерді, геймификация элементтерін, медиаграмоттылықты арттыру жолдарын, сондай-ақ жасанды интеллект пен инклюзивті білім беруді енгізу тәжірибелерін жан-жақты талқылады.
Дөңгелек үстел соңында барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен арнайы сертификаттар табысталды. Ұйымдастырушылар барлық қатысушылар мен спикерлерге белсенді атсалысқандары үшін ризашылықтарын білдірді.

