Ұлыстың ұлы күні – SDU төрінде
Бүгін университетіміз көктемнің, жаңару мен бірліктің символы – Наурыз мерекесін атап өтуде.
Университет ауласында қазақтың дәстүрлі киіз үйлері тігіліп, қонақтар үшін мол дастархан жайылды. Наурыз көже, бауырсақ, қымыз секілді ұлттық тағамдардан дәм татқан студенттер мен қонақтар нағыз қазақы қонақжайлықтың лебін сезінді. Әр киіз үй ұлттық нақышта безендіріліп, салт-дәстүр мен ұлттық мәдениеттің көрінісін паш етті.
Шара барысында концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, студенттер мен оқытушылар ән мен күйден шашу шашты. Домбыраның күмбірі, ұлттық билер мен көркем сахналық қойылымдар көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
— Наурыз – тек көктемнің келуі ғана емес, бұл – татулық пен жаңарудың мерекесі. Біз бүгінгі іс-шара арқылы ұлттық рухты дәріптеп, жастарымызға дәстүріміздің тереңдігін көрсете білдік, — деді университет ректоры Әлімжан Игенбаев.
Сонымен қатар мереке аясында ұлттық ойындар – арқан тарту, асық ату, қол күрес және басқа да қызықты жарыстар өткізілді. Студенттер белсенділік танытып, командалық рух пен достықты нығайтты.
Мерекелік шара университет қауымдастығы үшін ерекше әсер мен жақсы көңіл-күй сыйлады. Наурыз – өткен мен бүгінді жалғайтын алтын көпір іспетті. SDU ұжымы бұл күні тек дәстүрді жаңғыртып қана қоймай, бірлік пен бауырмалдықтың құндылығын тағы бір мәрте еске салды.

