Тең мүмкіндік – ортақ құндылық: SDU-да жаңа лифт ашылды
Бүгін SDU жатақханасында маңызды оқиға – жаңадан орнатылған лифтінің ашылу салтанаты өтті. Бұл бастама инклюзивті орта қалыптастыру, қозғалысы шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасау мақсатында жүзеге асты.
Ашылу рәсіміне SDU University ректоры Әлімжан Игенбаев және университет түлегі, кәсіпкер, Brave Talents компаниясының негізін қалаушы Алмас Жәли қатысты. Алмас мырза лифт орнату жобасының демеушісі ретінде салтанатты түрде лентаны қиып, шараға ерекше мән берді.
— Бұл тек лифт емес, бұл – әрбір студентке тең мүмкіндік беру жолындағы нақты қадам. Инклюзивтілік – қоғамның кемелденуінің белгісі. Баршаға бірдей жағдай жасау – біздің ортақ міндетіміз, — деді Алмас Жәли.
Brave Talents компаниясы таланттарды қолдау мен дамытуға бағытталған жобаларымен танымал. Алмас Жәлидің университет қабырғасына деген ілтипаты мен әлеуметтік жауапкершілікке деген ұстанымы студенттерге үлгі болары анық.
Өз сөзінде университет ректоры Әлімжан Ігенбаев бұл бастаманың маңыздылығын атап өтіп, демеушіге алғысын білдірді. Оның айтуынша, университет тек сапалы білім беріп қана қоймай, студенттердің жайлы әрі қауіпсіз өмір сүруіне де барынша жағдай жасайды.
Шара соңында қонақтар жаңа лифтіні пайдаланып көріп, жатақхана жағдайымен танысты. Бұл бастама болашақта басқа да әлеуметтік жобалардың жүзеге асуына серпін беретіні сөзсіз.

