SDU университетінде “Қазақ тілі және әдебиеті” білім беру бағдарламасының 20 жылдығына орай түлектер форумы өтті
SDU университетінде «Қазақ тілі және әдебиеті» мамандығының 20 жылдығына орай түлектер форумы өтті. Бұл форум осы бағдарлама аясында білім алып, түрлі салаларда жетістікке жеткен түлектерді біріктірді.
Форумның басты мақсаты – «Қазақ тілі және әдебиеті» білім беру бағдарламасының 20 жылдық тарихын атап өту, осы уақыт ішінде жеткен жетістіктерді талқылау, түлектер арасындағы байланыстарды нығайту және олардың кәсіби тәжірибелерімен бөлісу болды. Сонымен қатар, форум аясында қазіргі білім алушыларды ынталандыру, мамандыққа деген қызығушылықтарын арттыру және болашақ бағыттарын айқындауға үлес қосу көзделді.
Форум аясында пленарлық мәжіліс өткізілді. Бұл мәжіліске әр жылдары аталмыш білім беру бағдарламасын тәмамдаған танымал түлектер қатысты. Олардың қатарында, кәсіби коуч және бірнеше кітаптың авторы Азамат Скаков, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бас сарапшысы Самат Жұмабеков, жазушы әрі аудармашы Шразаддин Кайниязов және жекеменшік мектеп директоры Бексеит Қадырбай және SDU университетінің Педагогика және гуманитарлық ғылымдар факультетінің деканы Жайнагүл Дүйсебекова болды. Спикерлер өздерінің кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, білім беру бағдарламасының маңыздылығын атап өтті.
Түскі үзілістен кейін секциялық мәжілістер өткізілді. Олардың тақырыптары қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың заманауи әдіс-тәсілдерінен бастап, жаңа медиада қазақ тілін қолдану, эмоционалды интеллект және көпшілік алдында сөйлеу шеберлігіне дейін қамтыды. Бұл сессияларда қатысушылар тәжірибе алмасып, өз салаларындағы жаңашылдықтар мен зерттеулерді талқылады.
Форумның соңында қорытынды сөздер айтылып, қатысушыларға алғыс білдірілді. Осы жиынның нәтижесінде түлектер мен қазіргі білім алушылар арасында жаңа кәсіби байланыстар орнады, әрі болашаққа деген нақты жоспарлар белгіленді. Бұл форум SDU университетінің «Қазақ тілі және әдебиеті» білім беру бағдарламасының 20 жылдық даму жолындағы маңызды белестерінің бірі болып қала бермек.


