SDU профессоры, белгілі ғалым Асқар Жұмаділдаев "Қазақстанның Еңбек Ері" атағын иеленді
Республика күні қарсаңында, Президент қаулысына сай, отандық ғылымды дамытудағы айрықша жетістіктері, сондай-ақ қоғамдық қызметтегі аса үздік еңбегі үшін SDU оқытушысы, белгілі ғалым Асқар Жұмаділдаев “Қазақстанның Еңбек Ері” атағын иеленіп, Алтын жұлдыз және “Отан” орденімен марапатталды.
“Жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – “Қазақстанның Еңбек Ері” атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен “Отан” ордені тапсырылсын” – деп құжатқа қол қойған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жарлықтың қолданысқа енгізу жайлы бұйрық берді.
Қазіргі таңда, Асқар Серқұлұлы SDU университетінің Инженерлік және жаратылыстану ғылымдары факультетінің студенттеріне дәріс оқиды. Сондай-ақ, белгілі ғалым 2023 жылдан бері Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» КеАҚ вице-президенті болып қызмет атқарады.
Қазақстанның көрнекті математигі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, қоғам қайраткері Асқар Жұмаділдаев өзінің еңбектерімен тек Қазақстанда ғана емес, халықаралық деңгейде де танымал ғалым. Академик Солтүстік Америка және Еуропаның көптеген елдерінде дәріс оқыған.
Ғалымның негізгі зерттеу саласы — алгебра және дифференциалдық теңдеулер. Ол әсіресе Ли алгебралары және көпмүшелік алгебралық теңдеулер бойынша зерттеулер жүргізіп, әлемдік ғылыми қауымдастықта үлкен беделге ие болды. 1988 жылы физика-математика ғылымдарының докторы атағын алды. 1995 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі болып сайланды.
Жұмаділдаевтің еңбектері жоғары деңгейлі халықаралық ғылыми басылымдарда жарық көрген, оның жұмыстарын шетелдік математиктер де жоғары бағалайды. Оның ғылыми еңбектері математика саласындағы іргелі жаңалықтарға жатады және жас ғалымдар үшін үлгі. Оның математикалық еңбектері мен қоғамдағы белсенділігі Қазақстанның ғылымын дамытуға ғана емес, жастардың білімге деген құштарлығын оятуға да үлкен әсерін тигізді.
Айта кету керек, ел тарихында тұңғыш рет математик “Қазақстанның Еңбек Ері” атағын иеленіп отыр. SDU профессорын бұл үлкен жетістігімен шын жүректен құттықтаймыз! Еліміздегі ғылым мен білімнің дамуына қосып жүрген орасан үлесіңіз үшін алғыс білдіреміз. Сіз салып кеткен даңғыл жолмен жүретін шәкірттердің қатары арта түсері анық.