SDU университетінде Нексус ойыны бойынша тренинг өтті
Тұрақты даму апталығы аясында 23-24 қыркүйек күндері университетте Орталық Азияның аймақтық экологиялық орталығының өкілдері интерактивті Нексус ойыны бойынша жаттықтырушыларға арналған тренинг өткізді.
Университетіміздің 9 оқытушысы мен 18 студенті ойын шартына сәйкес өздерін өзен бойының жоғары және төмен бөлігінде орналасқан елдердің министрлері мен премьер-министрлері ретінде сынап көрді. Айта кетерлігі, ойын алғаш рет қазақ тілінде өткізілді.
Ойын барысында қатысушылар су, энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігінің өзара байланысын түсінді. Климаттың өзгеруіне қатысты мәселелерді ескере отырып, олар халықты қажетті ресурстармен қамтамасыз етуге бағытталған түрлі міндеттерді шешті.
Тұрақты даму апталығының аясында Орталық Азияның аймақтық экологиялық орталығы мен SDU арасында Нексус ойынын университеттің оқыту жүйесіне енгізу жайлы меморандумға қол қойылды. Шара барысында орталық директоры Зафар Махмудов SDU University басшылығына Нексус ойынының ағылшын және қазақ тілдеріндегі жиынтықтарын табыс етті.