«ЖОО кітапханасының әлемдік даму тенденциялары» конференциясы өтті
26 сәуір күні SDU University қабырғасында «ЖОО кітапханасының қазіргі әлемдік даму тенденциялары» XІI Халықаралық конференциясы өтті. Ауқымды іс-шараға еліміздің әр аймағынан келген кітапхана қызметкерлері мен ғалымдар, оқытушы мамандар қатысты.
Әр өңірден келген 150-ге жуық маманның басын қосқан конференцияның негізгі тақырыбы – «Қазіргі кітапхана – ЖОО-ның ақпараттық-кітапханалық қызмет көрсету сапасының кепілі» деп аталды. Шара барысында кітапхана жүйесінің өзекті мәселелері сөз етіліп, оқырманның сұранысына сай, заманауи үлгідегі кітапхана қалыптастыру жолдары қарастырылды.
Еліміздің жетекші жоғары оқу орындарынан жиналған мамандар кітапхана жүйесін автоматтандыру, қорды молайту сынды күн тәртібіндегі мәселелерге де тоқталды. Жалпы, кез келген университеттің айнасы – кітапхана болғандықтан, кітапхана жүйесін үздіксіз дамыту – өзекті шаралардың бірі болып қала бермек.


