Тарих ізімен: ZAMANA club тарихшыларының өзбек еліне сапары
23-24 наурыз күндері Педагогика және гуманитарлық ғылымдар факультетінің оқытушылары мен Zamana клубының жас тарихшылары Өзбекстанның Ташкент және Самарқан қалаларына сапар шекті. Сапардың басты мақсаты – бауырлас елдің мәдениетімен жақынырақ танысып, тарихи-архитектуралық ескерткіштеріне шолу жасау еді.
Саяхатшы топ Ташкент қаласындағы Хаст Имам кешені, Төле би кесенесі, Чорсу базары сынды сан ғасырлық тарихы бар көне нысандармен танысып, кешқұрым заманауи Ташкенттің көркін тамашалады.
Сапардың екінші күнінде жас тарихшылар б.з.д. VIII ғасырда негізі қаланған ежелгі шаһар – Самарқан қаласына аттанды. Жарты әлемді билеген даңқты қолбасшы Әмір Темір билік еткен тұста гүлденіп, астана болған, Қытай мен Еуропаның арасындағы алтын қақпаға айналған шаһардың көне нысандарын ЮНЕСКО тарихи мұра ретінде өз қорғауына алған. 1200 шақырымды артқа тастап келген жас тарихшыларға Әмір Темірдің астанасы ерекше әсер қалдырды.
Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ежелгі шаһарлар жас саяхатшылардың шығармашылығына шабыт беріп, тарихи танымының арта түсуіне септігін тигізді деген үміттеміз!





