Ұлттық ғылым академиясы жаңа академиктерді таныстырды
Кеше Алматы қаласындағы «Ғылым ордасы» ғимаратында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының жаңадан сайланған академиктерін ғылыми қоғамдастыққа ресми таныстыруға арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шараға 40-тан аса ЖОО мен жас ғалымдар, 40-қа жуық ғылыми зерттеу институттарының бірінші басшылары мен өкілдері қатысты.
Шара барысында Қазақстан ғылымының дамуына зор үлес қосқан ғалымдардың жетістіктері атап өтілді. Сондай-ақ ел дамуындағы ғылымның маңызды рөлін айқындап, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының жаңартылған құрамын қалыптастыру үрдісінің бастауы белгіленді.
Осы іс-шара аясында ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының Жас ғалымдар кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Отырыста Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Жабагин Мақсат Қизатұлы кеңестің алты айлық жұмысы туралы есеп берді. Жиынға академиктер де қатысып, өзара сабақтастық қалыптасты. Жас ғалымдар отандық ғылымның дамуын талқылап, тың ұсыныстар айтты.