SDU University FAIO 2026 халықаралық олимпиадасының жеңімпаздарына төрт жылдық білім гранттарын ұсынады
SDU University дарынды жастарды қолдау және олардың сапалы жоғары білім алуына мүмкіндік жасау мақсатында FAIO 2026 халықаралық жасанды интеллект олимпиадасының жеңімпаздарына бакалавриат бағдарламалары бойынша төрт жылдық білім гранттарын ұсынады.
Университеттің 30 жылдық мерейтойына орай білім алуға ұмтылған талантты жастарға арналған 30 грант пен жеңілдік қарастырылған. Бакалавриат бағдарламалары бойынша төрт жылдық оқудың гранттық құны 528 120 АҚШ долларын құрайды.
2026 жылғы 26-29 қазан аралығында SDU University базасында өтіп жатқан FAIO халықаралық олимпиадасы әлемнің түрлі елдерінен жиналған жас таланттарды біріктіреді. Қатысушылар жасанды интеллект саласындағы білімдерін, логикалық ойлау қабілеттерін және технологиялық мәселелерді шешу дағдыларын сынайды.
SDU University үшін білім беру – тек академиялық білім берумен шектелмей, дарынды жастардың әлеуетін ашуға, олардың бастамаларын қолдауға және болашақ кәсіби дамуына жол ашуға бағытталған маңызды миссия.
Университеттің 30 жылдық мерейтойы аясында ұсынылып отырған гранттар мен жеңілдіктер – осы миссияның нақты көрінісі. Бұл бастама білімге құштар, жаңа идеяларға ашық және технологиялық дамуға үлес қосуға дайын жастардың сапалы жоғары білім алуына мүмкіндік береді.
«Біз дарынды жастардың әлеуетіне инвестиция салуды болашаққа салынған инвестиция деп санаймыз. Университеттің 30 жылдығы – осы уақыт ішінде қалыптасқан білім беру дәстүрлерін жалғастырып қана қоймай, келешек ұрпақтың дамуына жаңа мүмкіндіктер ашатын маңызды кезең. FAIO сияқты халықаралық бастамаларды қолдау арқылы біз талантты жастарға өз қабілеттерін жүзеге асыруға және болашақта ғылым мен технологияның дамуына үлес қосуға мүмкіндік бергіміз келеді», – деп атап өтті SDU University ректоры Арман Жумажанов.
SDU University жасанды интеллект, ақпараттық технологиялар және инновациялар саласында білім алуға ұмтылған жастарды қолдау арқылы Қазақстанның зияткерлік әлеуетін арттыруға және халықаралық білім беру кеңістігіндегі ынтымақтастықты дамытуға үлес қосуды көздейді.
SDU University – әлемге жол ашатын білім!
