Алматыда жыл сайынғы IT Law Forum V өтіп, цифрлық құқықтың өзекті мәселелері талқыланды
2026 жылғы 16 маусымда Almaty Hub алаңында SDU University ұйымдастыруымен V жыл сайынғы IT Law Forum табысты өтті. Almaty Hub пен Narxoz University бірлескен ұйымдастыруымен өткен форум құқық, технология және жасанды интеллект саласындағы жетекші сарапшыларды, мемлекеттік орган өкілдерін, бизнес қауымдастықты және академиялық ортаны бір алаңға жинады.
Форум Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында ұйымдастырылып, Қазақстандағы цифрлық құқықтың даму бағыттары, жасанды интеллектті құқықтық реттеу, киберқауіпсіздік, дербес деректерді қорғау, цифрлық кәсіпкерлік және LegalTech экожүйесін дамыту мәселелеріне арналды.
Іс-шараның ашылуында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева «Болашақ құқығы: AI, Цифрлық кодекс және Қазақстанның жаңа цифрлық архитектурасы» тақырыбында негізгі баяндамасын жасап, еліміздегі цифрлық трансформацияның құқықтық негіздерін дамытуға қатысты өз көзқарасымен бөлісті.
Форум барысында төрт негізгі панельдік бағыт бойынша пікірталастар өтті:
- жасанды интеллектті құқықтық реттеу және цифрлық саясат;
- киберқауіпсіздік пен деректерді қорғау;
- цифрлық бизнесті құқықтық сүйемелдеу;
- LegalTech және заң практикасын автоматтандыру.
Спикерлер қатарында мемлекеттік органдардың, халықаралық заң компанияларының, IT индустриясының және жетекші технологиялық ұйымдардың өкілдері сөз сөйлеп, саланың өзекті мәселелері бойынша тәжірибелерімен бөлісті.
Форум аясында ұйымдастырылған LegalTech Expo көрмесінде заң саласына арналған инновациялық технологиялық шешімдер таныстырылды. Қатысушылар электрондық құжат айналымы, жасанды интеллект негізіндегі құқықтық сервистер және ақпараттық қауіпсіздік бағытындағы жаңа өнімдермен танысу мүмкіндігіне ие болды.
Іс-шараның маңызды оқиғаларының бірі Kazakhstan’s Legal AI Benchmark зерттеуінің тұсаукесері болды. Бұл зерттеу Қазақстан заңнамасымен жұмыс істеудегі жасанды интеллект модельдерінің тиімділігін алғаш рет кешенді түрде салыстырып, құқықтық саланы цифрландырудағы жаңа мүмкіндіктерді айқындады.
Сонымен қатар форум аясында өткен LegalTech Showcase байқауында стартаптар мен технологиялық компаниялар өздерінің инновациялық жобаларын ұсынып, сарапшылар бағасына ие болды.
V жыл сайынғы IT Law Forum құқық пен технология саласындағы кәсіби диалогты нығайтып, Қазақстандағы цифрлық құқықтың дамуына, ғылыми зерттеулердің ілгерілеуіне және LegalTech экожүйесінің қалыптасуына маңызды үлес қосқан беделді халықаралық алаң ретінде өз мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеді.














