SDU магистранты «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды
Астана қаласындағы Cardiff University Kazakhstan кампусында Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Жиын барысында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ғылым, жоғары білім және мемлекеттік тілді дамытуға үлес қосып жүрген БАҚ өкілдерін ведомстволық марапаттармен марапаттады.
Салтанатты рәсімде SDU University-дің «Медиа зерттеулер және журналистика» білім беру бағдарламасының 2-курс магистранты, «Ana tili» газетінің журналисі Бағдат Сұлтанқызы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» ведомстволық төсбелгісіне ие болды.
Марапатты табыстаған министр Саясат Нұрбек журналистердің ғылым мен білімді қоғамға түсінікті тілде насихаттаудағы, жас ғалымдардың еңбегін танытудағы және мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтудегі маңызды рөлін ерекше атап өтті.
Өз кезегінде Бағдат Сұлтанқызы бұл марапаттың өзі үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік екенін айтып, ана тілін дамыту, білім мен ғылымды дәріптеу жолындағы еңбегін алдағы уақытта да жалғастыра беретінін жеткізді.
Қазіргі таңда жас зерттеуші SDU University-де медиа зерттеулер және журналистика бағыты бойынша ғылыми ізденісін жалғастыруда. Оның зерттеулері қазіргі қазақ медиасындағы қоғамдық маңызы бар тақырыптардың берілу ерекшеліктерін, ақпараттың фреймделуі мен медиадағы дискурстық үдерістерді талдауға бағытталған.
SDU University ұжымы Бағдат Сұлтанқызын жоғары марапатымен құттықтап, ғылым мен журналистика саласындағы шығармашылық және кәсіби қызметіне толағай табыс тілейді.
