SDU University студент қыздары SUCTF 26 киберқауіпсіздік жарысында жеңіске жетті
SDU University студенттерінен құралған BrutW1nx командасы SUCTF 26 киберқауіпсіздік жарысында жоғары нәтиже көрсетіп, “Techno Women” номинациясы бойынша І орын иеленді. Команда 300 000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа ие болды.
Жарыс барысында қатысушылар аналитикалық ойлау қабілетін, киберқауіпсіздік саласындағы практикалық дағдыларын, қысым жағдайында жылдам шешім қабылдау және тиімді командамен жұмыс істеу шеберлігін көрсетті. Бұл жеңіс студенттердің кәсіби дайындығының жоғары деңгейін ғана емес, сондай-ақ IT және cybersecurity бағыттарында қыздардың рөлінің артып келе жатқанын айқын дәлелдейді.
SDU University білім беру үдерісінде теориялық біліммен қатар практикалық тәжірибеге, командалық жұмысқа және студенттердің халықаралық әрі республикалық кәсіби жарыстарға қатысуына ерекше мән береді. Осындай жетістіктер талантты жастарды қолдаудың және технология саласындағы қыздарға жаңа мүмкіндіктер ұсынудың маңыздылығын көрсетеді.
BrutW1nx командасын лайықты жеңісімен құттықтаймыз және SUCTF 26 жарысын ұйымдастырған Satbayev University мен mimicats командасына алғысымызды білдіреміз.


