SDU University мен ICESCO ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін талқылады
7 қарашада SDU University-ге Ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет ұйымының (ICESCO) бас директоры Dr. Salim M. AlMalik бастаған делегация келді. Делегация құрамында ICESCO-ның ғылым және қоршаған орта секторының басшысы Куаныш Ергалиев те болды.
SDU University ректоры Арман Жумажанов және университет басшылығының өкілдерімен өткен кездесуде тараптар академиялық ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын талқылады. Бірлескен зерттеулерге, студенттердің практикалық дағдыларын дамытуға және жаңа білім беру бастамаларын іске асыруға ерекше назар аударылды.
ICESCO өкілдері «Халықаралық құқық» және «Халықаралық бизнес» білім беру бағдарламаларының студенттерімен де кездесті. ICESCO-ның ресми сайтында хабарланғандай, ұйым аталған бағдарламалардың студенттеріне ICESCO-да тағылымдамадан толық немесе ішінара өту мүмкіндігін ұсынуға дайын екенін білдірді.
Ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары ретінде халықаралық бизнес саласындағы бірлескен зерттеулер және студенттердің практикалық құзыреттерін дамытуға арналған жобалар қарастырылды.
Сонымен қатар, тараптар 2027 жылдың жазында бірлескен жастар воркшопын өткізу мүмкіндігін алдын ала талқылады. Іс-шара тәжірибе алмасуға, практикалық дағдыларды дамытуға және жас мамандар мен зерттеушілердің өзара байланысын нығайтуға арналған алаң болады деп жоспарлануда.
Кездесу қорытындысында ICESCO бас директоры SDU University ректоры Арман Жумажановты ұйымның Рабат қаласындағы штаб-пәтеріне шақырды. Бұл сапар келіссөздерді жалғастырып, алғашқы бірлескен жобаларды айқындауға мүмкіндік береді.
Кездесу SDU University-дің халықаралық байланыстарын нығайтуға және студенттердің академиялық әрі кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған маңызды қадам болды.


