SDU University-де 6В01702 – «Шетел тілі: екі шетел тілі» білім беру бағдарламасы бойынша Республикалық студенттік пәндік олимпиаданың ІІ кезеңі өтті
2026 жылғы 23–24 сәуір күндері SDU University қабырғасында 6В01702 – «Шетел тілі: екі шетел тілі» (ағылшын тілі) білім беру бағдарламасы бойынша Республикалық студенттік пәндік олимпиаданың ІІ кезеңі ұйымдастырылды. Олимпиада Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің 2026 жылғы 17 наурыздағы №14-0/1382-ВН хатын орындау аясында өткізілді.
Білім додасына еліміздің әр өңірінен Алматы, Атырау, Көкшетау, Петропавл, Тараз, Орал, Қарағанды, Арқалық, Ақтөбе, Семей, Талдықорған, Шымкент, Ақтау, Қызылорда, Астана және Павлодар қалаларынан келген 99 студент пен 25 жетекші қатысты. Олимпиадаға университетішілік кезеңде үздік нәтиже көрсеткен және шет тілін меңгеру деңгейі В1-ден төмен емес 2–4 курс студенттері жолдама алды.
Олимпиада бағдарламасы үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушылар С1 деңгейіндегі тест тапсырмаларын орындап, ағылшын тілін меңгеру деңгейін көрсетті. Екінші кезеңде студенттер ауызша прагма-кәсіби тапсырмалар орындап, педагогика мен әдістеме саласындағы теорияларды қолдана отырып, берілген жағдаяттарға ағылшын тілінде талдау жасады. Үшінші кезеңде қатысушылар «Білім беруді цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын интеграциялау жағдайында шет тілдерін оқытудың заманауи тәсілдері» тақырыбында жобалық жұмыстарын қорғады.
Олимпиада қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегі студенттерге бұйырды:
🥇 І орын
• Aruzhan Alibek — Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті
🥈 ІІ орын
• Anastasiya Koshkarova — Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті
• Ali Nassigozhin — Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті
🥉 ІІІ орын
• Medina Kenzhekhan — Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті
• Zhazira Karatayeva — Maqsut Narikbayev University
• Aizere Zharylkassyn — SDU University
Жеңімпаздарды Педагогика және гуманитарлық ғылымдар мектебінің деканы, PhD, қауымдастырылған профессор Дана Молдабаева марапаттады.
Аталған олимпиада болашақ шетел тілі мұғалімдерінің кәсіби және тілдік құзыреттіліктерін дамытуға, тәжірибе алмасуға және академиялық байланысты нығайтуға бағытталған маңызды республикалық алаңға айналды.







