«Жаңа Конституция – Жастар»: SDU University-де республикалық студенттер форумы өтті
2026 жылғы 22 сәуірде SDU University қабырғасында «Жаңа Конституция – Жастар» атты республикалық көшбасшы студенттер форумы өтті.
Ауқымды іс-шараға еліміздің барлық өңірлерінен 75 жоғары оқу орнының студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының көшбасшылары, студенттік үкімет президенттері, облыстық омбудсмен өкілдері мен белсенді жастар қатысты. Форум офлайн форматта ұйымдастырылып, республикалық деңгейде тәжірибе алмасу алаңына айналды.
Форум аясында жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, жаңа Конституцияның негізгі қағидаттарын түсіндіру, сондай-ақ Абай Құнанбайұлының «Толық адам» ілімі негізінде рухани-адамгершілік, зияткерлік және көшбасшылық қасиеттерді дамыту мәселелері кеңінен талқыланды.
Бағдарлама шеңберінде «Нұрлы ақыл», «Жылы жүрек», «Ыстық қайрат» бағыттары бойынша панельдік сессиялар, практикалық воркшоптар және тәжірибе алмасу алаңдары ұйымдастырылды. Сонымен қатар, қатысушылар үшін университет бойынша экскурсия өткізіліп, «Көшбасшылар» аллеясының ашылуына орай ағаш отырғызу рәсімі өтті.
Форум барысында білім беру, құқықтық мәдениет, жастар саясаты және әлеуметтік жауапкершілік бағыттарындағы өзекті мәселелер көтеріліп, қатысушылар арасында тиімді кәсіби байланыстар орнатылды.
Іс-шара қорытындысы бойынша студенттердің көшбасшылық және кәсіби құзыреттіліктерін арттыру, жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ жастардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуын күшейтуге бағытталған нақты ұсыныстар қалыптасты.







