SDU университетіне жаңа ректор тағайындалды
SDU университетінің баспасөз қызметі Арман Жұмажановтың университет ректоры қызметіне тағайындалғанын хабарлайды.
Арман Жұмажанов жоғары білім беру саласындағы басқару, университеттік стратегия, интернационалдандыру және жоғары білім беру саясаты бағыттарында 15 жылдан астам тәжірибесі бар білікті басшы.
SDU университетіне келгенге дейін Арман Жұмажанов Nazarbayev University-де бірқатар басшылық қызметтерді атқарды. Атап айтқанда, Президент кеңсесінің басшысы (Chief of Staff), Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры және Стратегия және талдау департаменті директорының міндетін атқарушы лауазымдарында еңбек етті. Кәсіби қызметі барысында ол Университеттің институционалдық трансформациясы, басқару жүйесін жетілдіру, стратегиялық жоспарлау, халықаралық әріптестікті дамыту және басқарушылық шешімдерді қабылдау үдерістеріне елеулі үлес қосты. Бұл бағыттағы жұмыстарды Университет басшылығымен, басқару органдарымен, мемлекеттік мекемелермен, халықаралық ұйымдармен және стратегиялық серіктестермен тығыз ынтымақтастықта жүзеге асырды. Сонымен қатар, 2021-2025 жылдар аралығында Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің директорлар кеңесінің мүшесі қызметін атқарды.
Арман Жұмажанов – беделді халықаралық «Болашақ» стипендиясының иегері. Осы бағдарлама аясында ол Жоғары білім беруді басқару (Higher Education Administration) бағыты бойынша Indiana University Bloomington (АҚШ) университетінде білім алған. Сонымен қатар, мемлекеттік басқару магистрі (Nazarbayev University), іскерлік әкімшілендіру магистрі (Colorado State University Pueblo, АҚШ) және экономика бакалавры (Selçuk University, Түркия) дәрежелеріне ие.
Оның академиялық және кәсіби қызығушылықтары жоғары білімді басқару, институционалдық тиімділік, университеттік көшбасшылық, мемлекеттік саясат және стратегиялық менеджмент салаларын қамтиды.
Оның ғылыми және кәсіби қызығушылықтары жоғары білім беру жүйесін басқару, институционалдық тиімділік, университеттік көшбасшылық, мемлекеттік саясат және стратегиялық менеджмент бағыттарын қамтиды.
Басқарушылық қызметімен қатар, жаңа басшы халықаралық жоғары білім беру саласындағы ғылыми зерттеулер мен білім беру саясатын дамытуға да үлес қосып келеді. Ол TIAA Institute жариялаған, қайырымдылық қаржыландырудың студенттердің жоғары білімге қолжетімділігін кеңейту мен әлеуметтік мобильділікті арттырудағы рөлін зерттейтін ғылыми есептің тең авторы болды. Сонымен бірге, American Council on Education ұйымының аясында жүзеге асырылған ұлттық зерттеу жобаларына қатысып, Carnegie Classification of Institutions of Higher Education жіктеу жүйесін жетілдіруге үлес қосты.
Арман Жұмажанов халықаралық жоғары білім беру қауымдастығының белсенді мүшесі. Ол АҚШ-тағы Association for the Study of Higher Education (ASHE) және Association for Institutional Research (AIR) ұйымдарының мүшесі ретінде жоғары білім беру саясаты, университеттік басқару, көшбасшылық және институционалдық зерттеулер саласындағы өзекті мәселелер бойынша халықаралық сарапшылармен, зерттеушілермен және университет басшыларымен тұрақты кәсіби байланыс орнатып келеді.
SDU Университетінің ректоры ретінде Арман Жұмажанов Университеттің Орталық Азиядағы заманауи әрі даму үрдісін қалыптастыратын жетекші жоғары оқу орындарының бірі ретіндегі ұстанымын нығайтуды басты мақсаттарының бірі ретінде қарастырады. Оның басымдықтары қатарында академиялық сапаны арттыру, студентке бағдарланған білім беру моделін дамыту, қолданбалы ғылым мен инновацияны қолдау, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, тиімді басқару жүйесін жетілдіру және университеттің орнықты дамуын қамтамасыз ету бар. Сонымен қатар, Қазақстанның және жаһандық қоғамдастықтың дамуына үлес қоса алатын бәсекеге қабілетті түлектерді даярлау оның негізгі стратегиялық міндеттерінің бірі.
SDU University ұжымы университеттің дамуына қосқан елеулі үлесі үшін бұрынғы ректор Әлімжан Игенбаевқа алғыс білдіреді және алдағы қызметіне табыс тілейді. Сондай-ақ Арман Жұмажановқа ректор қызметінде сәттілік тілеп, оның басшылығымен университеттің жаңа белестерді бағындыратынына сенім білдіреді.



