Сапаны басқару құрылымы
Сапаны қамтамасыз ету комитеті Университеттің білім беру және әкімшілік үдерістерінің сапасын, тиімділігі мен нәтижелілігін арттыруда басты рөл атқарады, сонымен қатар, Университеттің беделі мен бизнес-үдерістерінің нығаюына ықпал етеді. Комитеттің құрамына академиялық және әкімшілік қызметті жүзеге асыратын құрылымдық бөлімдердің өкілдері кіреді. Комитеттің негізгі міндеттері: Университеттің сапаны қамтамасыз ету саясатын жүзеге асыру, аккредитация үдерістерін үйлестіру, ішкі сапа жүйелерін бақылау, тәуекелдерді басқару, нормативтік-құқықтық талаптарға сәйкестікті қамтамасыз ету, сондай-ақ кері байланыс пен қызмет көрсету сапасына қатысты механизмдерді қадағалау.
Факультет/мектеп/орталық деңгейінде Сапаны қамтамасыз ету комиссиялары Университеттің сапа стандарттарына сәйкес құрылымдық бөлім аясындағы сапаға қатысты бастамаларды үйлестіре отырып, білім беру қызметінің сапасын арттыруға үлес қосады. Комиссиялар Сапаны қамтамасыз ету департаментінің сүйемелдеуімен жұмыс істейді. Комиссиялардың қызмет бағыттарына: оқыту үдерісін бақылау, жүйелі есептер негізінде пән бағалаулары мен қанағаттану сауалнамаларын талдау, білім беру бағдарламаларының тиімділігін бағалау, сондай-ақ ішкі бағалау нәтижелері мен аккредитациядан кейінгі кері байланыс негізінде сапаны арттыруға бағытталған іс шараларды әзірлеу және енгізу кіреді.
Сапаны қамтамасыз ету департаменті Университет қызметінің халықаралық және ұлттық сапа стандарттарына (ESG, Болон үдерісі) сәйкестігін қамтамасыз етуге атсалысады. Сонымен қатар, департамент ISO және басқа да стандарттар негізінде ішкі аудиттер мен сертификаттау үдерістерін бақылап, PDCA цикліне негізделген мониторинг үдерістерін үйлестіреді.
Департамент Институционалдық зерттеулерді дамыта отырып, ішкі және сыртқы мүдделі тараптар арасында жүйелі түрде сауалнамалар мен сұхбаттар жүргізуді ұйымдастырады. Бұл үдеріс көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мақсатында сандық және сапалық деректерді жинау мен талдауға негізделеді.
Сондай-ақ, департамент стратегиялық жоспарлауға әдістемелік қолдау көрсетіп, озық тәжірибелер мен цифрлық технологияларды енгізуді ынталандырады. Сонымен бірге, университеттің Сапаны қамтамасыз ету комитетінің жұмысын үйлестіріп, факультет/мектеп/орталық деңгейіндегі сапаны қамтамасыз ету комиссияларының қызметін жүйелі түрде мониторингтен өткізеді.
Департамент мүдделі тараптарға есеп беру арқылы ашықтық пен есептілікті қамтамасыз етуге жауапты болып табылады және Университеттің алқалық кеңестері мен басшылық шешімдерінің орындалуын өзінің құзіреті шеңберінде жүзеге асырады.
SDU Университеті білім беру бағдарламалары мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен өзектілігін қамтамасыз ету мақсатында ішкі және сыртқы мониторингтің кәсіби құралдарын қолданады.
Ішкі мониторинг оқытушылар, кафедралар, факультеттер және Сапаны қамтамасыз ету департаменті (СМД) тарапынан жүзеге асырылады. Департамент кері байланысты жинау және талдау үшін ортақ Explorance Blue платформасын пайдаланады.
Сапа деректерін басқарудың біріктірілген жүйесі Quality Data Management System — (QDMS) ішкі аудит үдерістерін жүйелі түрде ұйымдастыру мен құжаттауға арналған. Бұл жүйе академиялық және әкімшілік үдерістердің сапа стандарттары мен Университеттің ішкі саясатына сәйкестігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Академиялық сападан бөлек, ішкі мониторинг бизнес-үдерістердің тиімділігін де қамтиды және ішкі нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге қолдау көрсетеді. Сонымен қатар, Департамент барлық аудиттер мен бағалаулар нәтижесінде әзірленген іс-шаралар жоспарының уақтылы және сапалы орындалуын қадағалай отырып, құрылымдық бөлімдерде үздіксіз жақсарту және оңтайландыру үдерістерін қамтамасыз етеді.
Сыртқы мониторингке аккредитациялық агенттіктердің бағалауы, ұлттық және халықаралық университеттік рейтингтерге қатысу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ғылым және Жоғары Білім Министрлігі мен тәуелсіз ұйымдар тарапынан жүргізілетін аудиттер жатады.
Аталған үдерістер Университеттің қызметін халықаралық озық тәжірибелер мен жаңарып отыратын сапа стандарттарына сәйкестендіруге мүмкіндік береді.