Шеберлік пен шексіздік: SDU-да Халықаралық Пи күні аталып өтті
3,1415926535… Бұл жай ғана сандар тізбегі емес, математика әлемінің ең жұмбақ әрі кең танымал символы. Осы ерекше күнге орай SDU университетінде ғылым мен креативті ұштастырған ауқымды мерекелік іс-шара — International Pi Day конференциясы ұйымдастырылды.
Аталған шара студенттер мен еліміздің жетекші технократтарын бір алаңға жинап, білім мен шабыттың маңызды платформасына айналды.
Конференцияның басты ерекшелігі — спикерлер тақырыптарының әртүрлілігі мен мазмұн тереңдігі болды. Әрбір қонақ Пи санының шексіздігіндей өз саласының кең мүмкіндіктерін таныстырды:
- Айбек Қуатбай (CEO, Bugin Holding) «Қазақстандағы стартап индустрия» тақырыбында баяндама жасап, жас кәсіпкерлер үшін ашылып жатқан мүмкіндіктер мен нарықтың даму динамикасын талдады.
- Нұрғиса Есіркегенов (Associate Professor, KIMEP University) «π-ге жақындау — өзіңе жақындау» атты баяндамасында математика мен философияны үйлестіре отырып, тұлғалық дамудың жаңа қырларын ашты.
- Садық Шерімбек (ÄjA директоры, Qalan Group серіктесі және стратегиялық жетекшісі) «Поэзияның математикалық сырлары немесе мен қалай технократ болдым?» тақырыбында өнер мен техниканың байланысын ерекше форматта ұсынды.
- Жұмадір Надира (Backend Java Developer, Alatau City Bank) «Карьерадағы ең құнды skills: не үйренуге болады, бірақ ешкім үйретпейді» тақырыбында кәсіби өмірде маңызды soft skills туралы тәжірибесімен бөлісті.
- Әділет Кәрім (Team Lead Data Scientist, Kazakhtelecom JSC) «Life.debug()» баяндамасында деректер ғылымы мен өмірлік тәжірибені ұштастырып, қателер арқылы дамудың маңызын атап өтті.
Blue Hall залында өткен шара барысында қатысушылар спикерлердің ойларын үлкен қызығушылықпен қабылдап, интерактивті ойындар мен сұрақ-жауап сессияларына белсенді қатысты.
Іс-шара математика тек теориялық ғылым емес, ол — үлкен бизнес, жасанды интеллект, тіпті өнер мен поэзияның да негізі екенін айқын көрсетті.
Халықаралық Пи күнін атап өту SDU-да жыл сайынғы дәстүрге айналып келеді. Биылғы конференция да қатысушыларға жаңа идеялар, тың көзқарастар және зор мотивация сыйлады.
«Пи саны шексіз болғаны сияқты, біздің студенттердің де ізденісі мен әлеуеті шексіз болсын!»



