Рауан Исатай Halyk OpenCTF киберқауіпсіздік чемпионатында жүлделі орын иеленді
Киберқауіпсіздік саласындағы беделді жарыстардың бірі – Halyk OpenCTF республикалық чемпионатында SDU University студенті Рауан Исатай үздік нәтиже көрсетіп, 3-орынға ие болды. Жарыс нәтижесі бойынша ол 500 000 тг көлеміндегі жүлдені жеңіп алды.
Halyk OpenCTF байқауы еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған дарынды студенттер мен ІТ мамандарын біріктірді. Киберқауіпсіздік саласындағы біліктілікті, техникалық білімді және стратегиялық ойлауды талап ететін дода бірнеше кезеңнен тұрды. Қатысушылар арасынан тек 30 қатысушы ғана финалдық кезеңге өтті, онда тапсырмалардың күрделілігі мен уақыттың шектеулілігі жоғары деңгейде болды.
Рауан Исатай байқау барысында техникалық дайындығының жоғары екенін, күрделі тапсырмаларды шапшаң шеше білетінін және қысым жағдайында тиімді жұмыс істей алатынын дәлелдеді.
SDU University ұжымы Рауан Исатайды осы жетістігімен шын жүректен құттықтайды және алдағы ғылыми-зерттеу және кәсіби жобаларында табыс тілейді.



