SDU ректоры Student Government өкілдерімен кездесті
SDU University ректоры Арман Жұмажанов Student Government өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында студенттік бастамаларды дамыту және студенттер мен университет басшылығы арасындағы тікелей байланысты күшейту мәселелері талқыланды.
Student Government құрамына университет өміріне белсенді араласатын, студенттердің мүддесін білдіретін талантты және белсенді студенттер — президент, министрлер және олардың командалары кіреді. Әр министр өз бағыты бойынша студенттерден құралған жеке командамен жұмыс істейді.
Student Government президенті – Айым Нуржанова. Ол SDU-ға 2025 жылы ҰБТ-дан 140 балл жинап, ең жоғары нәтижемен оқуға түсті.
Ректор студенттерге атқарып жатқан жұмыстары үшін алғысын білдіріп, олардың университет өміріндегі маңызды рөлін атап өтті. Сондай-ақ университет студенттердің жаңа идеялары мен бастамаларын қолдауға дайын екенін жеткізді.
Кездесуде студенттік клубтарды дамытуға да ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда SDU-да 43-тен астам студенттік клуб жұмыс істейді. Ректор Student Government мүшелерін жаңа клубтар ашып, іс-шаралар санын арттырып, студенттердің қызығушылықтары мен заманауи сұраныстарына сай жаңа форматтарды дамытуға шақырды.
«Бүгінде технология, коммуникация және жастардың қызығушылықтары үнемі өзгеріп келеді. Сондықтан біз де алға ұмтылып, жаңа мүмкіндіктер жасауымыз керек. Бірге жұмыс істейік – университет сіздердің идеяларыңызды қолдауға және оларды жүзеге асыруға дайын», – деді ректор.
Студенттермен тұрақты диалогты жалғастыру үшін Арман Жұмажанов Student Government мүшелерімен әр екі апта сайын, сейсенбі күні сағат 14:30-да кездесіп тұратын болады. Кездесулерде студенттер өз идеяларын, жобаларын және ұсыныстарын ректормен тікелей талқылай алады.





