SDU University студенттері IROS 2025 халықаралық конференциясына қатысты
SDU University студенттері USTEM Foundation қорының қолдауымен Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен 2025 жылғы IEEE/RSJ “Intelligent Robots and Systems” (IROS) халықаралық конференциясына қатысты.
Аталған ғылыми шара робототехника саласындағы әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған 8 000-нан астам жетекші ғалымдар, инженерлер және зерттеушілердің басын қосқан ең ірі халықаралық алаңдардың бірі болды. Конференция барысында қатысушылар жасанды интеллект пен робототехника саласындағы заманауи зерттеулер мен технологиялық жетістіктерді талқылап, тәжірибе алмасты.
SDU University делегациясын Компьютерлік ғылымдар бойынша PhD, аға оқытушы және Жасанды интеллект зертханасының жетекшісі Ернар Ахметбек бастап барды. Оның ғылыми зерттеу бағыты — автономды мобильді роботтардың навигациясы мен кедергілерден айналып өту жүйелері.
Делегация құрамында сонымен қатар:
- Елнұр Өтебай — SDU студенті, Tensor зерттеу және дамыту орталығының бас инженері, сондай-ақ Орталық Азиядағы алғашқы Formula Student командасы N1 Racing-тің негізін қалаушы;
- Данияр Елубаев — Stemshop компаниясының директоры, USTEM Foundation қоры мен SDU University-дің стратегиялық серіктесі;
- Азамат Абдукаримов — USTEM Foundation қорының өнеркәсіптік робототехника бағытындағы даму бөлімінің жетекшісі, Бостон университетінің магистрі.
IROS 2025 конференциясы SDU студенттері мен оқытушыларына робототехника саласындағы әлемдік ғалымдардың соңғы жетістіктерімен танысуға, озық зертханалармен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық орнатуға зор мүмкіндік берді.





 
								 
								
 
														 
														 
														 
														 
														 
														