SDU University және Pacific Asian Society ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған ресми кездесу өткізді
2026 жылғы 15 қаңтарда SDU University базасында Pacific Asian Society (PAS) ұйымының өкілдерімен ресми кездесу өтті. Іс-шара халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге және білім беру мен ғылыми зерттеулер саласындағы әріптестікті дамытуға бағытталды.
Кездесуге SDU University тарапынан Педагогикалық және гуманитарлық ғылымдар мектебінің деканы, доктор Дана Молдабаева, Extension Center директоры Айсулу Ғатиат, Халықаралық қатынастар департаментінің директоры Аббас Бодаубеков, Тіл мектебінің жетекшісі Мейірбек Бозанбай, сондай-ақ университеттің басқа да өкілдері қатысты.
Ал Pacific Asian Society атынан ұйым президенті Ким Бумсу, вице-президенттер Ли Джиын мен Чон Киёнг, кеңесшілер, басшылық құрам өкілдері, команда жетекшілері және аудармашылар қатысты.
Кездесу барысында тараптар академиялық және мәдени ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын талқылап, серіктестік қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған келісімге қол қойды. Сонымен қатар, қонақтар үшін SDU University кампусы бойынша таныстыру экскурсиясы ұйымдастырылды. Экскурсия аясында ғылыми кітапхана, Халықаралық қатынастар департаментінің кеңсесі, Technopark мультимедиялық орталығы, сондай-ақ G-блок пен AI-блоктағы заманауи зертханалар таныстырылды.
Іс-шара бағдарламасы SDU University мен Pacific Asian Society арасындағы ынтымақтастық аясында ұйымдастырылған тілдік лагерьге қатысқан жасөспірімдердің суреттері қойылған көрмемен жалғасты. DemAll тілдік лагері 2026 жылғы 6–16 қаңтар аралығында SDU University базасында өтті. Екі апта бойы лагерь қатысушылары корей тілін тереңдетіп меңгерсе, Pacific Asian Society ұйымының волонтерлері қазақ тілімен және жергілікті мәдениетпен танысты.
Аталған кездесу мен DemAll тілдік лагерінің өткізілуі SDU University-дің халықаралық ынтымақтастықты дамыту жолындағы маңызды қадамдарының бірі болып, алдағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға берік негіз қалады.







