SDU University-де инклюзивті білім беру бағытында халықаралық бастамалар жүзеге асты
SDU University-де Әлеуметтік және инклюзивті білім беру зерттеу орталығының салтанатты ашылуы өтті. Орталықтың құрылуы — инклюзивті білім беру саласындағы ғылыми зерттеулерді дамытуға, халықаралық тәжірибені енгізуге және білім беру үдерісіне заманауи тәсілдерді интеграциялауға бағытталған маңызды қадам.
Аталған бастама аясында SDU University мен Гонконг білім беру университеті арасында жаңа зерттеу орталығын бірлесіп дамыту туралы ғылыми келісімшартқа қол қойылды. Бұл серіктестік екіжақты ғылыми ынтымақтастықты нығайтып, академиялық алмасу мен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Зерттеу орталығының ашылу рәсімінде қызыл лентаны Білім беру және гуманитарлық ғылымдар мектебінің деканы Дана Молдабаева, Гонконг білім беру университеті ISNIE институтының директоры, профессор Син Кеннет, сондай-ақ Қазақстандағы инклюзивті білім беруді дамытуға елеулі үлес қосқан профессор Зульфия Ахметвалиевна Мовкебаева және «Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» РММ директорының міндетін атқарушы Зәуре Болатовна Джангельдинова қиды.
Сонымен қатар, университет қабырғасында “Science Talks: All about Inclusion II” атты халықаралық конференция өтті. Іс-шара аясында Гонконг, Финляндия және Қазақстаннан келген жетекші ғалымдар мен сарапшылар — Син Кеннет, Чан Кай Инь, Вилк Оливейра, Зульфия Мовкебаева, Ақмарал Магауова, Тлеулина Тлектес және Руслан Кащаев — инклюзивті білім беру саласындағы тәжірибелерімен бөлісті.
Конференция бағдарламасы мазмұнды және көпқырлы болды. Атап айтқанда, “Инклюзивті білім беру жағдайында озық технологияларды тиімді қолдану”, “Қолайлы білім беру ортасы және білім алушылардың психоәлеуметтік әл-ауқаты”, “Бала дамуының жеке ерекшеліктері және ерекше білім беру қажеттіліктерін ерте анықтау мен қолдау жүйесі”, сондай-ақ “Қазақстандағы IB: инклюзивті білім беруге апарар жол” тақырыптарында төрт секциялық отырыс ұйымдастырылды. Сонымен қатар, жас зерттеушілер сайысы мен EdTech көрмесі өткізілді.
Аталған іс-шаралар SDU University-дің инклюзивті білім беруді дамытуға, халықаралық тәжірибені енгізуге және ғылыми қауымдастықпен тығыз байланыс орнатуға бағытталған жүйелі жұмысының айқын көрінісі болды.






