SDU University-де «PROF FORUM 2026» және SDU Open Day жоғары деңгейде өтті
2026 жылғы 7 ақпанда SDU University кампусында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен «PROF FORUM 2026 – профориентологтарға арналған форум» және SDU Open Day іс-шаралары табысты өтті.
Аталған іс-шаралардың басты мақсаты – кәсіби бағдар беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылау, мұғалімдер мен профориентологтардың оқушылардың саналы мамандық таңдауындағы рөлін айқындау, сондай-ақ заманауи білім беру кеңістігіндегі өзгерістер мен жаңа бағыттарды саралау болды.
SDU Open Day бағдарламасы аясында еліміздің әр өңірінен келген мектеп түлектері мен талапкерлер үшін университет мүмкіндіктері кеңінен таныстырылды. Ашық есік күніне 3442 оқушы тіркеліп, олардың 2400-ден астамы SDU University кампусына келіп, білім беру бағдарламалары, гранттық мүмкіндіктер, халықаралық серіктестік және студенттік өмір туралы жан-жақты ақпарат алды. Сонымен қатар қатысушылар үшін кампус бойынша экскурсиялар мен еркін форматтағы networking кездесулері ұйымдастырылды.
SDU Open Day ашылу салтанаты SDU University ректоры
Әлімжан Бекежанұлы Игенбаевтың алғы сөзімен басталды. Өз сөзінде ректор университеттің басты миссиясы – халықаралық стандарттарға сай сапалы білім беру, тұлғаның құндылықтарын қалыптастыру және бәсекеге қабілетті, жауапкершілігі жоғары азамат тәрбиелеу екенін атап өтті.
Осы күні өткен «PROF FORUM 2026» аясында 235-тен астам профориентологтар мен ата-аналар қатысып, кәсіби бағдар беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылады. Форум барысында білім беру саласының жетекші сарапшылары мен тәжірибелі мамандар баяндамалар жасап, қатысушылармен тәжірибе алмасты.
Форумның негізгі пленарлық бөлімінде:
- Әлімжан Бекежанұлы Игенбаев, SDU University ректоры – «Білім және құндылық қалыптастырған әлем азаматы»;
- Руслан Тохтарбекұлы Емелбаев, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі – «ҰБТ форматындағы өзгерістер»;
- Айдос Жұманазар, профориентолог, EDUSER жобасының негізін қалаушы – «Жасанды интеллект дәуіріндегі профориентация»;
- Омарбек Көшкімбайұлы, SDU University PhD докторанты, педагог-профориентолог – «Мамандықты дұрыс таңдау мен грантқа түсу жолдары»
тақырыптарында мазмұнды баяндамалар жасады.
Сонымен қатар, форум аясында SDU University Extension Center тарапынан педагогикалық қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстарының таныстырылымы өтті.
Іс-шара пікір алмасу және сұрақ-жауап сессиясымен қорытындыланып, қатысушылар кәсіби бағдар беру саласындағы тәжірибелерімен бөлісті.





