SDU University ICBCB 2026 халықаралық конференциясын өткізді
15 қазанда SDU University-де ICBCB 2026 атты 12-халықаралық конференция өтті. «Цифрландыру және оқытуды трансформациялау дәуіріндегі білім берудің болашағы» тақырыбына арналған конференцияны SDU University KIMEP University серіктестігімен ұйымдастырды.
Конференция әртүрлі елдердің зерттеушілерін, оқытушыларын және сарапшыларын біріктіріп, білім берудің өзекті мәселелерін талқылауға, ғылыми нәтижелермен алмасуға және халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік берді. Іс-шараға Ұлыбритания, Канада және басқа елдердің жетекші университеттерінің ғалымдары, соның ішінде University of Oxford, University of Calgary, University of St Andrews және University College London өкілдері қатысты.
Конференция бағдарламасы 9 қазанда онлайн сессиядан басталды. 14 қазанда ELIPro аясында тіл, көптілділік және білім беру саясаты мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті. ICBCB конференциясының негізгі бағдарламасы 15 қазанда SDU University-де ұйымдастырылып, 16 қазанда KIMEP University-де жалғасты.
Негізгі бағдарламаның алғашқы күнінде халықаралық ғалымдардың пленарлық баяндамалары мен тақырыптық секциялар өтті. Профессор Қарлығаш Дюссупбаева қазақ тілін шет тілі ретінде оқытудағы жеке мотивация мен сөйлеу дағдыларын дамытудың рөлі туралы зерттеуін ұсынды. Профессор Heath Rose ағылшын тілінде білім берудің тілді және пәндерді меңгеруге ықпалы туралы баяндама жасады. Ал профессор Andrew Peterson азаматтық құндылықтарды қалыптастыру мәселелеріне тоқталды.
SDU University-дің бірінші проректоры Давронжон Гаипов конференцияның көптілді білім беруді дамытудағы және халықаралық ынтымақтастықты нығайтудағы маңызын атап өтті.
«Ғылым мен білім — бейбіт өмір сүруге, өзара құрметке және әртүрлі мәдениеттерді түсінуге бастайтын жол. Мұндай конференциялар магистранттарға, докторанттарға және ғалымдарға тәжірибе алмасып, білім берудегі өзекті мәселелердің шешімдерін бірлесіп іздеуге мүмкіндік береді», – деді Давронжон Гаипов.
Мінез-құлық пен азаматтық тәрбие саласының профессоры, Jubilee Centre for Character and Virtues орталығы директорының орынбасары Andrew Peterson да конференцияның маңызын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай академиялық алаңдар әртүрлі ғылыми бағыттардың өкілдерін біріктіріп, идеялармен алмасуға ықпал етеді.
Қатысушылар жасанды интеллект пен білім берудегі цифрлық трансформация, STEM тәсілдері, инклюзивті оқыту, көптілділік және тіл саясаты мәселелеріне ерекше назар аударды. Сондай-ақ білім берудің болашағы, жасанды интеллектіні қолдану және оқытудың заманауи әдістері талқыланды. Параллель секцияларда зерттеушілер өз жұмыстарын ұсынып, тәжірибелерімен бөлісті.
Конференция халықаралық академиялық байланыстарды нығайтуға, ғылыми зерттеу нәтижелерін таныстыруға және жаңа кәсіби байланыстар орнатуға мүмкіндік берді.
16 қазанда конференция бағдарламасы KIMEP University-де жалғасып, қатысушылар білім беруді дамытуға қатысты жаңа зерттеулер мен заманауи тәсілдерді талқылауда.







