SDU University мен Birkbeck, University of London Лондонда өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды
2026 жылғы 19 қаңтарда Лондон қаласында SDU University (Қазақстан) мен Birkbeck, University of London (Ұлыбритания) арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті. Құжатқа SDU University ректоры Әлімжан Игенбаев және Birkbeck, University of London университетінің инновациялар және академиялық даму жөніндегі проректоры, профессор Джоанне Лил қол қойды.
Меморандумға қол қою рәсімі Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Қазақстан Республикасының Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіндегі Елшілігі бірлесіп ұйымдастырған ресми іс-шара аясында өтті. Іс-шара барысында British Expertise International дөңгелек үстелі ұйымдастырылып, оған Қазақстанның жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының басшылары, сондай-ақ Ұлыбританияның жетекші университеттерінің өкілдері қатысты.
Меморандум екі университет арасындағы ұзақ мерзімді академиялық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Құжатта академиялық алмасу бағдарламаларын іске асыру, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүргізу, білім беру бастамаларын жүзеге асыру, сондай-ақ халықаралық әріптестік пен мәдениетаралық өзара байланысты кеңейту жоспарлары қамтылған.
SDU University мен Birkbeck, University of London Меморандумға қол қою халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және екі оқу орнының студенттері, оқытушылары мен зерттеушілері үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға маңызды қадам болатынына сенім білдірді.

