SDU University өкілдері ҚазҰУ зертханаларымен танысты
Galym Project қолдауымен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми-зерттеу инфрақұрылымында SDU University өкілдеріне арналған таныстыру шарасы өтті. Іс-шараға университеттің профессорлық-оқытушы құрамы қатысып, ҚазҰУ базасындағы робототехника және суперкомпьютерлік зертханалардың жұмыс бағыттарымен, зерттеу мүмкіндіктерімен және соңғы ғылыми жетістіктерімен танысты.
Кездесу барысында қатысушылар зертханалардың материалдық-техникалық жабдықталуын көріп, ғылыми жобалардың жүзеге асу барысымен танысып, ынтымақтастық орнатуға қатысты пікір алмасты. Екі университет арасындағы ғылым мен инновация саласындағы байланыстарды тереңдетуге бағытталған ашық әрі мазмұнды диалог өрбіді.
SDU University және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ университеттерінің ғылым жөніндегі проректорлары академиялық және ғылыми серіктестікті кеңейту мақсатында өзара түсіністік туралы меморандумға (MoU) қол қойды. Қол қойылған құжат екі жоғарғы оқу орны үшін бірлескен ғылыми жобаларды іске асыруға, жаңа зерттеулер жүргізуге, білім беру бастамаларын дамытуға және жас ғалымдар мен зерттеушілердің әлеуетін арттыруға жол ашады.




