SDU University Халықаралық Жәутіков олимпиадасының жеңімпаздарына екі грант табыстады
2026 жылғы 10–15 қаңтар аралығында Алматы қаласында математика, физика және информатика пәндері бойынша оқушыларға арналған 22-ші Халықаралық Жәутіков олимпиадасы (IZhO2026) өтті.
Халықаралық білім додасына әлемнің 16 елінен 612 оқушы мен 122 жетекші қатысты. Қатысушы елдер қатарында Армения, Әзербайжан, Беларусь, Болгария, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Пәкістан, Ресей, Румыния, Тәжікстан, Түрікменстан, Индонезия, Үндістан және Өзбекстан бар. Командалар ұлттық пәндік олимпиадалардың нәтижелері бойынша іріктелді.
Олимпиаданың ұйымдастырушылары — Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы, «Республикалық физика-математика мектебі» КеАҚ және «Алматы дарыны» қалалық орталығы.
Бес күнге созылған олимпиада екі турдан тұрды. Тапсырмалар мамандандырылған сыныптар бағдарламасына сәйкес әзірленіп, халықаралық қазылар алқасымен бағаланды. Қазылар алқасының төрағасы — ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Асқар Жұмаділдаев.
Олимпиада аясында қатысушылар Республикалық физика-математика мектебі (РФММ) мен Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің (IITU) базасында өткен теориялық және практикалық турларда өз білімдерін көрсетті.
Жабылу салтанаты барысында SDU University олимпиада жеңімпаздарына арналған екі білім беру грантын тағайындады. Гранттарды университет ректоры Әлімжан Игенбаев салтанатты түрде табыстап, дарынды жастарды қолдау университеттің негізгі басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Олимпиада қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға сертификаттар мен естелік сыйлықтар табысталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер алтын, күміс және қола медальдармен марапатталды.







