SDU University командасы QazDatathon 2025 республикалық байқауында жүлделі 3-орын иеленді
Институционалдық зерттеулер бөлімі қызметкерлері мен Ақпараттық технологиялар және қолданбалы математика мектебінің 4-курс студент-стажерлары SDU University атынан QazDatathon 2025 республикалық байқауында 3-орын иеленіп, 200 000 теңге көлеміндегі жүлдеге ие болды.
Байқау Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне қарасты Ұлттық статистика бюросының ұйымдастыруымен өтті. Байқаудың серіктестері — «El Umiti» корпоративтік қоры мен Kazakhstan Sociology Lab.
Биылғы байқауға еліміздің жетекші компаниялары мен жоғары оқу орындарынан 42 команда қатысты. Қатысушылар қатарында: ERG, Beeline Kazakhstan, «Қазақмыс» корпорациясы, «Горводоканал» ШЖҚ ГКП, РГП ИВЦ МИИЦР, сондай-ақ жоғары оқу орындары — SDU University, Nazarbayev University, Satbayev University, Almaty Management University, NARXOZ University, Maqsut Narikbayev University, КБТУ және басқалары болды.
SDU University командасы — “Data Nomads” байқауда өз жобасын таныстырды:
«Multidimensional Assessment of Wellbeing Framework in Kazakhstan: A Regional, Territorial, Gender, and Age-Based Composite Quality of Life Index».
Жоба аясында қатысушылар әлеуметтік әл-ауқаттың негізгі қырларын біріктіретін заманауи және инновациялық аналитикалық модель әзірледі. Бұл модель Қазақстан халқының өмір сапасын өңір, елді мекен түрі, жыныс және жас ерекшелігі бойынша терең талдауға мүмкіндік береді.
Команда мүшелері жобаны жүзеге асыру барысында қуатты техникалық ресурстармен қамтамасыз еткені үшін SDU AI Lab басшылығына алғыс білдірді.
