SDU University-де Республика күніне арналған «Тарих апталығы» өтті
25 қазан – Республика күніне орай SDU University-де Тарих және әлеуметтік ғылымдар кафедрасының ұйымдастыруымен «Тарих апталығы» өткізілді. Апталықтың мақсаты – студенттердің отансүйгіштік рухын нығайту, ұлттық тарих пен мәдени мұраға деген қызығушылығын арттыру және жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға деген көзқарасын қалыптастыру болды.
Апталық бес күнге жалғасты:
Бірінші күн – Ашылу салтанаты.
Іс-шара Қаскелең қаласындағы Жайлы мектебінің «Прокурор сыныбы» оқушылары мен SDU University-дің 6B01601 – Тарих білім беру бағдарламасының 1-курс студенттерінің қатысуымен өткен патриоттық шерумен басталды. Жастар Отанға деген сүйіспеншілік пен азаматтық ұстанымның маңызын паш етті.
Екінші күн – «Ұлттық мұра» күні.
Бұл күні студенттер мен оқытушылар Алматы облысы мен Алматы қаласының тарихи-мәдени орталықтарына саяхат жасады. Қатысушылар Батыр Бабалар мемориалдық кешені, Қарасай өлкелік музейі, «Атамекен» рухани-тәлімгерлік орталығында болып, сондай-ақ С. Мұқанов музейі мен Алматы қаласы музейін аралады. Сонымен қатар Алматы облыстық архивінің жылжымалы көрмесі университет қабырғасында ұйымдастырылды.
Үшінші күн – «Жастар рухы» күні.
SDU Life әлеуметтік даму департаментіне қарасты университет клубтары патриоттық бағыттағы мәдени, зияткерлік және тәрбиелік шаралар өткізді. Студенттік ұйымдардың қатысуымен өткен бұл күн жас буынның белсенділігін, шығармашылығын және қоғамдағы рөлін айшықтады.
Төртінші күн – «Ұлттық құндылықтар» күні.
Университет ішінде ұлттық киімдер күні жарияланып, студенттер мен оқытушылар қазақы дәстүрді дәріптейтін киім үлгілерін таныстырды. Сонымен бірге «Қазақ аруы – 2025» байқауының финалисті Дариға Рахым арнайы қонақ болып, «Үздік образ» номинациясының иегері атанып, ұйымдастырушылар атынан сыйлыққа ие болды.
Бесінші күн – Жабылу салтанаты.
Апталық SDU Life департаментіне қарасты «Домбыра Club» оркестрінің ұлттық әуендерімен түйінделді. Студенттер қазақ халқының рухани қазынасы саналатын ән-күйлерді орындап, апталықтың көркін асырды.
«Тарих апталығы» мыңжылдық мәдениеті мен даңқты тарихы бар Қазақ елінің бірегей рухани құндылықтарын насихаттай отырып, студенттердің ұлттық дүниетанымын кеңейтті және жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға үлес қосты.





 
								 
								
 
														 
														 
														 
														 
														 
														