SDU University Малайзияның жетекші педагогикалық университетінің делегациясын қабылдады
2026 жылғы 9 сәуірде SDU University Малайзиядағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Сұлтан Идрис атындағы Малайзия педагогикалық университетінің (Sultan Idris Education University) делегациясын қабылдады. Аталған университет әлемдік жоғары оқу орындары рейтингтерінде жоғары орындарға ие, атап айтқанда, Times Higher Education (THE) рейтингінде Education Studies бағыты бойынша 101–125 аралығында, ал QS Asian University Rankings тізімінде 156-орында орналасқан.
Сапар аясында қонақтар SDU University басшылығымен ресми кездесу өткізіп, екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Кездесудің негізгі мақсаты – екі университет арасындағы серіктестікті нығайту, атап айтқанда, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлық бағдарламаларын кеңейту, сондай-ақ бірлескен ғылыми жобалар мен гранттарды жүзеге асыру бағыттарын дамыту болды.
Тараптар білім беру және ғылыми-зерттеу салаларындағы өзара тиімді әріптестікті арттыруға бағытталған бірлескен бастамалар мен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін қарастырды.
Аталған кездесу SDU University-дің халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және жаһандық білім беру кеңістігіндегі өз орнын нығайту жолындағы маңызды қадамдарының бірі болды.
