SDU University-де MMS Fest 2025 өтті
SDU University-де Multimedia Sciences білім беру бағдарламасы студенттерінің оқу нәтижелерін таныстыруға арналған MMS Fest 2025 жыл сайынғы білім беру фестивалі өтті. Фестиваль өнер, дизайн, технология және зерттеу практикаларын біріктіретін ашық академиялық алаң ретінде ұйымдастырылып, ашық емтихан форматында өткізілді.
Фестиваль аясында визуалды және мультимедиялық өнер, дизайн-ойлау, цифрлық медиа және эксперименталды оқыту бағыттарын қамтыған 20-дан астам оқу курсының нәтижелері бір мезетте ұсынылды. Экспозиция бағдарламаның пәнаралық сипатын және білім беру үдерісіндегі практикалық бағыттылығын көрсетті.
Биылғы MMS Fest аясында институтаралық ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Capstone Project бірлескен курсы шеңберінде SDU University-дің Multimedia Sciences бағдарламасының студенттері Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері әзірлеген кескіндеме жобалары негізінде мультимедиялық жұмыстар дайындады. Жобалар дәстүрлі өнер мен цифрлық технологиялардың өзара байланысын зерттеуге бағытталды.
Сонымен қатар фестивальге inVision University студенттері қатысып, Design Thinking курсы аясында жүзеге асырылған екі жобаны ұсынды. Бұл фестивальдің білім беру және пікірталастық аясын кеңейте түсті.
Фестивальдің қорытынды бөлімінде перформативті практикалар, визуалды өнер, дизайн-педагогикасы және креативті білім беру салаларында кәсіби тәжірибесі бар шақырылған спикерлердің қатысуымен семинар өтті. Спикерлер пәнаралық білім берудің өзекті даму бағыттарын талқылады.
Сондай-ақ MMS Fest 2025 аясында конференция ұйымдастырылып, онда Анна Цой, Мөлдір Қарубай, Анастасия Аммосова, Алина Лобанова, Аяулым Нұрбекова және Меруерт Баймұхамбетова сынды сала мамандары баяндама жасады. Конференция бағдарламасы заманауи өнер, визуалды мәдениет, дизайн педагогикасы және креативті білім беру тақырыптарын қамтыды.
MMS Fest 2025 студенттер, оқытушылар және серіктес білім беру ұйымдары арасындағы кәсіби байланысты нығайтып, пәнаралық білім беру мен креативті индустрияларды дамытуға арналған тиімді алаң ретінде өтті.





