SDU University-де халықаралық ASIIN аккредитация агенттігінің сараптамалық сапары өтті
2025 жылғы 7–9 қазан аралығында инженерия, информатика, жаратылыстану ғылымдары және математика бойынша білім беру бағдарламаларын аккредиттеу агенттігі – ASIIN (Accreditation Agency for Degree Programs in Engineering, Informatics, Natural Sciences and Mathematics) “SDU University” мекемесіне халықаралық аккредитация рәсімінің аясында келді.
ASIIN агенттігі – 1999 жылғы шілде айында Германияда құрылған коммерциялық емес қауымдастық. Құрылған күнінен бастап ASIIN Германия мен өзге де елдердің жоғары оқу орындарына бағдарламалық және институционалдық аккредитация жүргізу барысында сараптамалық қолдау көрсетіп келеді. Бүгінде ASIIN инженерия, жаратылыстану ғылымдары, математика және информатика салаларындағы білім беру бағдарламаларын аккредиттеу бойынша ұлттық және халықаралық деңгейдегі жетекші ұйымдардың бірі болып табылады.
Сапар барысында Білім беру және гуманитарлық ғылымдар мектебінің төрт бакалавриат білім беру бағдарламасына баға берілді:
- Математика
- Химия–Биология
- Физика
- Информатика
Академиялық қауымдастық өкілдері, жұмыс берушілер мен студенттерден құралған ASIIN сарапшылар тобы университеттің білім беру бағдарламаларының мазмұнын, оқу жоспарларын және инфрақұрылымын жан-жақты талдады.
ASIIN сараптамалық сапары аккредитация рәсімінің маңызды кезеңі болып, “SDU University” мекемесінде білім сапасын қамтамасыз ету жүйесін одан әрі жетілдіруге өз үлесін қосады.



