Astana Finance Days 2025: Болашақтың негізін қалайтын капитал
Бүгін «Астана» халықаралық қаржы орталығының ұйымдастыруымен өтіп жатқан Astana Finance Days (AFD) VIII форумына SDU University ректоры Әлімжан Игенбаев спикер ретінде қатысты.
Форумды «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) ұйымдастырды. Бұл – Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңіріндегі №1 қаржы орталығы, сондай-ақ инновациялар мен бизнестің өсуіне арналған серпінді хаб.
Биыл университетімізде Freedom Шапағат корпоративтік қорының қолдауымен, «Астана» халықаралық қаржы орталығының ұсынысымен әлеуметтік ғылымдар, құқық және қаржы саласы бойынша майнор оқу бағдарламалары енгізілген болатын. Олар:
- Халықаралық коммерциялық дауларды шешу – студенттерді халықаралық арбитраж, медиация және келіссөздер тәжірибесіне үйретеді.
- Қазақстан Республикасының қаржы нарығын реттеу – студенттерге қаржы нарығын құқықтық және институционалдық тұрғыда реттеу механизмдерін үйретеді.
- Туынды бағалы қағаздар – Опциондар (Derivative Securities – Options) – студенттерді форвардтар, фьючерстер, опциондар және своптар сияқты қаржы құралдарымен таныстырады.
- Активтерді басқару (Asset Management) – студенттерге дәстүрлі және баламалы активтер портфелін құру, бағалау және басқару дағдыларын береді.
Осы тақырыпт аясында университетіміздің ректоры SDU University-де майнор бағдарламаларын енгізу тәжірибесімен бөлісіп, қазіргі еңбек нарығы бір ғана мамандықпен шектелмейтін, пәнаралық ойлай алатын мамандарды қажет ететіндігін жеткізді. Сол себепті, университетіміз үшін майнорлар – стратегиялық маңызы бар бастама болмақ.
Сондай-ақ, «SDU үшін майнорлар – факультатив емес, академиялық траекторияның ажырамас бөлігі. Бұл біздің студенттерімізге жаңа мүмкіндіктер ашып қана қоймай, Қазақстанның адами капиталын дамытуға қосылған үлес деп сенеміз» – деді Әлімжан Бекежанұлы.
Айта кетейік, Astana Finance Days біртұтас көрме алаңы капитал нарығы мен цифрлық инновациялық секторлардағы компанияларды біріктіреді. Ол шешімдерді көрсетуге, нарықтағы позицияны жақсартуға және стратегиялық серіктестермен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді.


