SDU University студенттері корей мәдениеті күнін атап өтті
Береке-бірлігі жарасқан еліміз ұлттар достығына ерекше мән береді. Әр ұлттың мәдениеті – ерекше бір әлем. Әсіресе қазіргі жаһандану заманында өзге ұлттың өмір салты мен мәдениетіне қызығушылық танытушылардың қатары артып келеді. Осы ретте, SDU университетінің кәріс тілін меңгеріп жатқан бір топ студент кәріс мәдениеті күніне арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырды.
SDU Life ғимаратында өткен салтанатты жиында өнерпаздар кәрістің ұлттық биін билеп, ән шырқап, көркем қойылымдар қойды. Ұйымдастырушылар корей халқының тарихы мен мәдениетіне тоқталып, жиналған қауымға қызықты мәлімет ұсынды. Сондай-ақ, келушілер кәріс тағамдарынан дәм татып, бұл елдің асханасымен танысты. Кимпап, ттокпокки сынды аты танымал кәріс тағамдары ұсынылып, университет қабырғасында кәрістің ұлттық ойындары ұйымдастырылды, сондай-ақ каллиграфия, шеберлік сағаттары өткізілді.
Korean culture day – кәріс мәдениетінің тамаша әлеміне саяхат жасауға, тәжірибе алуға және өзге мәдениет байлығымен танысуға мүмкіндік берді.


