SDU University мен Almaty Hub студенттік стартаптарды бірге дамытады
SDU University мен Almaty Hub студенттік стартаптарды қолдау және жастардың IT саласындағы кәсіпкерлікке қызығушылығын арттыру мақсатында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Бұл келісім студенттердің стартап бастамаларын дамытуға бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыруға негіз болады. Серіктестік аясында білім беру бағдарламаларын, практикалық кездесулерді, сараптамалық сессиялар мен басқа да бастамаларды өткізу жоспарланып отыр. Олар студенттерге өз идеяларын жетілдіруге, кәсіпкерлік дағдыларын қалыптастыруға және технологиялық қауымдастық өкілдерімен байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Меморандумға қол қою рәсіміне SDU University ректоры, қаржы мәселелері жөніндегі проректор, Ақпараттық технологиялар және қолданбалы математика мектебінің деканы және SDU Technopark директоры қатысты.
SDU University мен Almaty Hub арасындағы серіктестік университеттің академиялық әлеуеті мен технологиялық экожүйенің практикалық тәжірибесін ұштастырып, студенттік жобалардың дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады.



