SDU University Стратегиялық серіктестердің III халықаралық форумында меморандумдарға қол қойды
Астанада өтіп жатқан III Халықаралық стратегиялық серіктестер форумы аясында SDU University шетелдік төрт университетпен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми парақшасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, форум жоғары білім, ғылым және инновация салаларындағы халықаралық байланысты дамытуға арналған. Бағдарламада трансұлттық білім беру, жаһандық академиялық серіктестік, жасанды интеллект, білім сапасын қамтамасыз ету және болашақ мамандарын даярлау мәселелері қамтылған.
Форум барысында SDU University:
- Birkbeck, University of London университетімен стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандумға;
- New Jersey Institute of Technology университетімен стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандумға;
- Shenyang Urban Construction University университетімен стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандумға;
- University of Sussex университетімен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Қол қою рәсіміне серіктес университеттер атынан Birkbeck университетінің инновациялар және академиялық даму жөніндегі вице-канцлерінің орынбасары профессор Joanne Leal, NJIT жанындағы Martin Tuchman School of Management деканы доктор Oya Tukel, Shenyang Urban Construction University вице-президенті Li Houyan және University of Sussex халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор орынбасары профессор Simon Thompson қатысты.
Меморандумдар бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды дамытуға, академиялық ұтқырлықты кеңейтуге, тәжірибе алмасуға және университеттер арасындағы байланысты нығайтуға негіз қалайды.
Форумға қатысу және стратегиялық серіктестер аясын кеңейту SDU University студенттері, оқытушылары мен зерттеушілері үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, университеттің халықаралық академиялық кеңістікке ықпалдасуына серпін береді.



