SSBL мектебінде студенттердің ғылыми бастамаларын қолдайтын жаңа қауымдастық ашылды
SDU University Әлеуметтік ғылымдар, бизнес және құқық мектебінде (SSBL) SSBL Students Research Community студенттік ғылыми қауымдастығы ресми түрде жұмысын бастады.
Жаңа қауымдастық студенттердің ғылымға қызығушылығын арттырып, зерттеу жүргізуге алғашқы қадам жасауына қолдау көрсетуді көздейді. Бұл ортада қатысушылар өз идеяларын ұсынуға, зерттеу жобаларына атсалысуға, ғылыми мәселелерді талқылауға, академиялық жазу дағдыларын жетілдіруге және ғалымдармен тәжірибе алмасуға мүмкіндік алады.
Қауымдастықтың бастамашысы әрі негізін қалаушы – School of Social Sciences, Business and Law мектебінің ғылыми жұмыстар жөніндегі декан орынбасары Мадина Есиркепова.
«Университеттегі ғылым тек оқытушылар мен зерттеушілердің жұмысымен шектелмеуі керек. Студентке де өз идеясын ұсынып, зерттеу жүргізіп көруге, командамен жұмыс істеуге және академиялық бағытын біртіндеп қалыптастыруға жағдай қажет. Бәлкім, осы қауымдастыққа қатысу студенттеріміздің біріне үлкен ғылымға бастайтын алғашқы қадам болар», – деді Мадина Есиркепова.
SSBL Students Research Community аясында қазақстандық және шетелдік ғалымдармен кездесулер, қонақ дәрістер, зерттеу семинарлары, бірлескен жобалар және өзге де ғылыми-білім беру іс-шаралары ұйымдастырылады. Студенттердің зерттеу дағдыларын дамытуға, ғылыми мақала дайындауына, конференцияларға қатысуына және академиялық байланыс орнатуына ерекше көңіл бөлінеді.
Қауымдастықтың ашылуы студенттерді ғылыми жұмысқа кеңінен тартуға бағытталған ұзақ мерзімді бастаманың алғашқы қадамы болды. SSBL Students Research Community студенттік идеялардың нақты зерттеулерге айналуына жол ашатын орта болмақ.



