SDU University-де STEM Research Center ұйымдастыруымен ауқымды білім беру іс-шарасы өтті
SDU University жанындағы STEM Research Center ұйымдастыруымен ғылым мен білімді дамытуға бағытталған ауқымды іс-шара өтті. Жиынға 140-қа жуық мектеп мұғалімдері, білім беру ұйымдарының директорлары және студенттер қатысты.
Іс-шараның ашылу салтанатында қатысушыларды STEM бағытындағы білім берудің маңыздылығы мен болашағы туралы мазмұнды бағдарлама күтіп тұрды. Алғашқы спикер, PhD докторы Умар Адам Ибрахим «Introduction of STEM» тақырыбында баяндама жасап, STEM білім берудің негізгі қағидалары мен жаһандық трендтеріне тоқталды.
Сондай-ақ, іс-шара аясында тәжірибелі сарапшылар өз ойларымен бөлісті. Олардың қатарында Жаңыл Әбілбек, PhD, ассистент профессор және «Жаратылыстану ғылымдары педагогикасы» кафедрасының меңгерушісі, сондай-ақ AZ Advisory компаниясының негізін қалаушысы, медиа және коммуникация саласындағы PhD кандидаты Арайлым Жакыпова болды. Арайлым Жакыпова «Келесі белес: Қазақстанда ғылымның болашағын қалыптастыратын әйелдер» тақырыбында баяндама жасап, STEM саласындағы әйелдердің рөлі мен мүмкіндіктерін атап өтті.
Іс-шараның маңызды бөлігі – «Қазақстандағы STEM білім берудің болашағы» тақырыбындағы панельдік талқылау болды. Панельге SDU University Ғылым департаментінің директоры Әсем Каукенова, Қаскелең қаласындағы «Жайлы мектеп» директоры Гүлжан Ахметова, маркетолог әрі білім беру жобаларының тең құрылтайшысы Шынар Рыспаева, сондай-ақ Назарбаев университетінің түлегі, IB бағдарламасының Biology пәні мұғалімі және MYP координаторы Айнұр Бекболатова қатысты.
Талқылау барысында қатысушылар Қазақстандағы STEM білім беру жүйесінің қазіргі жағдайы, алдағы 10–15 жылдағы даму перспективалары, негізгі мүмкіндіктер мен сын-қатерлер туралы пікір алмасты. Сонымен қатар, университеттер мен мектептердің болашақ STEM мамандарын даярлаудағы рөлі, қыз балалар мен әйелдердің ғылым саласындағы орны, сондай-ақ білім беру бағдарламаларын жетілдіру жолдары кеңінен қарастырылды.
Спикерлер STEM пәндерін оқытудың тиімді әдістері, жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың білім беру үдерісіне ықпалы, сондай-ақ пәнаралық тәсілдің маңыздылығы туралы өз тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар, білім беру ұйымдары, индустрия және мемлекет арасындағы ынтымақтастықты күшейту мәселелері де назардан тыс қалмады.
Іс-шара соңында қатысушылар STEM саласында мансап құруға ниетті студенттерге құнды кеңестер беріп, болашақ мамандар үшін маңызды дағдыларды атап өтті.
Аталған іс-шара SDU University-дің STEM білім беруді дамытуға және заманауи білім беру экожүйесін қалыптастыруға қосып отырған үлесінің айқын көрінісі болды.


