SDU University-де MicroBlocks бойынша халықаралық мастер-класс өтті
SDU University-де болашақ STEM мұғалімдеріне арналған MicroBlocks платформасы негізінде бағдарламалау және физикалық есептеулер бойынша халықаралық мастер-класс өтті. Іс-шара Artisan Education ұйымы мен MicroBlocks халықаралық қауымдастығының ынтымақтастығы аясында ұйымдастырылды.
Мастер-класстың спикерлері ретінде Силикон алқабынан келген тәжірибелі сарапшылар — Kathy Giori және Rekha Pai қатысты.
Kathy Giori — технология саласында 30 жылдан астам тәжірибесі бар кәсіпкер және инженер. Ол Mozilla, Arduino және Qualcomm компанияларында қызмет атқарған, сондай-ақ Stanford University университетінде электротехника бойынша магистр дәрежесін алған. Қазіргі уақытта ол MicroBlocks жобасының халықаралық білім беру бастамаларын дамытуда.
Rekha Pai — технологиялық инновациялар саласының сарапшысы және инвестор. Ол Silicon Valley Social Venture Fund инвестициялық комитетінің мүшесі, сондай-ақ TechWomen халықаралық бағдарламасы аясында менторлық қызмет атқарды.
MicroBlocks — микроконтроллерлерді бағдарламалау мен физикалық есептеулерді үйренуге арналған заманауи білім беру платформасы. Ол Scratch-қа ұқсас визуалды блоктар арқылы жұмыс істеп, «тірі бағдарламалау» режимінде құрылғыда тікелей бағдарламаларды іске қосуға мүмкіндік берді. Бұл қатысушыларға сенсор деректерін нақты уақыт режимінде бақылап, нәтижені бірден көруге жол ашты. Жобаны халықаралық инженерлер мен зерттеушілер тобы дамытуда, олардың қатарында Scratch тілінің әзірлеушілерінің бірі — John Maloney бар.
Мастер-класстың практикалық бөлімі Artisan Education әзірлеген PiBody білім беру жиынтықтарын пайдалану арқылы өтті. Бұл жиынтықтар бағдарламалау, инженерия және робототехника салаларын тиімді меңгеруге мүмкіндік берді.
Іс-шара Train-the-Trainers форматында ұйымдастырылып, болашақ STEM мұғалімдерінің кәсіби дағдыларын дамытуға бағытталды.




