SDU University QS World University Rankings by Subject 2026 рейтингіне енді
SDU University Әлеуметтік ғылымдар және менеджмент санатына кіретін «Білім беру» бағыты бойынша QS World University Rankings by Subject 2026 беделді халықаралық рейтингіне енді. Университет әлем бойынша 351–400 орындар аралығында орналасып, білім беру сапасының жоғары деңгейін және халықаралық стандарттарға сай маман даярлау жүйесінің тиімділігін дәлелдеді.
Аталған рейтинг биыл 6 200-ден астам университетті қамтып, олардың ішінде 1 900-ден астам оқу орны ғана қорытынды тізімге енгізілді. Бағалау 55 пәндік бағыт бойынша жүргізілді.
SDU University-дің бұл жетістігі бірқатар маңызды көрсеткіштер бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізуімен байланысты. Атап айтқанда, академиялық бедел, жұмыс берушілер арасындағы бедел, ғылыми жарияланымдар мен олардың дәйексөздері, сондай-ақ халықаралық ғылыми ынтымақтастық деңгейі негізгі рөл атқарды.
Бұл нәтиже SDU University-дің білім және ғылым саласындағы ықпалының артып келе жатқанын көрсетіп, оқу орнының жаһандық білім беру кеңістігіндегі позициясын нығайта түседі.
